100 медаль жинаған жас ұстаз
Абай облысында информатика пәні мұғалімі Әлиасқар Болат оқушылары мен өзінің жетістіктері арқасында 100-ге жуық медаль жинады. 2020 жылдан бері Семей қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінде қызмет атқарып келе жатқан педагогтің стажы – 5 жыл.
Ол спорттық бағдарламалау бойынша оқушыларын республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатыстыру арқылы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оқушылары бірнеше облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда үздік нәтижелер көрсетті. Жас мұғалім «INFOMATRIX ASIA-2023» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында 2 қола медаль иеленген.
Педагог оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи әдіс-тәсілдерді, соның ішінде информатикалық ботты тиімді қолданады. Telegram ботын сабақтармен байланыстыра отырып, әр оқушының тақырыпты меңгеру деңгейін анықтап, жеке жұмыстар жүргізеді. Оқушыларын кәсіби деңгейде дайындап, олардың жетістіктеріне зор үлес қосып, білім беру саласында жоғары нәтижелерге жетуге ықпал етіп келеді.
«Мен өз медальдарыммен емес, оқушыларымның жетістіктерімен мақтанамын. Медаль жинаудан мектепте мұғалімдер өзіміз жарысамыз, қазір ең көп медаль саны өзіммін. Бірақ, бұл тек бастама. Біздің мақсатымыз – оқушыларымыздың мүмкіндіктерін толық ашып, келесі жарыстарда да биік жетістіктерге жету», – дейді Әлиасқар Болат.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі