1000 асық жинаған оқушы
Абай облысы Ақсуат ауданындағы Қожагелді батыр атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Амантай Нұраян асық жинаумен айналысады. Ол екі жыл ішінде қойдың, тоқтының, ешкінің 800-ге жуық асығын жинаған. Қазір бұл санды 1000-ға жеткізуді жоспарлап жүр.
«Әр асық мен үшін ыстық. Жаңа асық тапқан сайын қызығушылығым арта түседі. Достарыммен асық ойнағанды, сақа жасап, шеберлігімді сынағанды жақсы көремін», – дейді жас өрен.
Ол көпбалалы отбасында тәрбиеленіп келеді. Отбасында 6 бала бар. Әкесі интернатта оператор, анасы – «Күміс алқа» иегері. Үй шаруасына көмектесіп, ата-анасына қолқанат болып жүр.
Нұраян асық ойнаумен қатар спортпен де айналысады. Ол бокстан жасөспірімдер арасындағы аудандық жарыстарда жүлдегер атанған. Сонымен қатар математика пәндеріне қызығушылық танытып, болашақта құқық қорғау саласында жұмыс істеуді армандайды.
Асық жинауды хоббиіне айналдырған Нұраян ұлттық құндылықтарды құрметтеубе көпке үлгі болып жүр.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі