12 мыңнан астам көрермен «Опералия-2025» фестивалін тамашалады

Биыл Қазақстанның елордасы еліміздің басты мәдени орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. 16 мамыр мен 13 шілде аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театрында өткен «Опералия-2025» халықаралық музыкалық фестивалі 12 мыңнан астам көрерменді жинап, өнердің ең талғампаз жанкүйерлерін де баурап алды.
Көптеген театр сүйер қауым үшін бұл фестиваль қазақстандық және шетелдік әртістермен ұмытылмас кездесулерге, сондай-ақ жаңа есімдерді ашуға мүмкіндік болды. Көрермендер алғаш рет Ролан Петидің эксклюзивті балет трилогиясын («Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен») тамашалап, Алтынай Асылмұратова қойған «Ұйқыдағы ару» балетінің таңғажайып премьерасынан ләззат алды, сондай-ақ Евгений Чайниковтың қойылымындағы «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасына куә болды. Көрермендерге Қытай, Франция және Ресейден келген танымал жұлдыздар – Чжумин Чэнь, Мэн Ин Фан, Мария Ильюшкина және Эван Капитен қатысқан гала-балет ерекше әсер қалдырды.
– «Опералия» фестивалі өзінің ауқымымен таңғалдырып, нағыз мәдени оқиғаға айналды, біз оған өміршеңдік, толастамас қошемет пен лық толы залдар тілейміз! Қазақстанға алғаш келуіміз, тамаша «Астана Опера» театрымен таныс болдық, мұндағы труппа керемет, орындаушылық деңгейі өте жоғары. Әлбетте, бізге қазақстандық көрерменнің жылы қабылдауы ұнады, – деп бөлісті өнер көрсеткеннен кейін Чжумин Чэнь және Мэн Ин Фан.
«Опералия-2025» С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» ұлттық комедиялық операсынан бастап Хозе партиясында ресейлік тенор Дмитрий Головнин өнер көрсеткен Ж.Бизенің монументалды «Кармен» операсына дейінгі сан алуандығымен тәнті етті. Nomad Inspiration бірегей жобасы – HasSak ансамблінің және жобаның қоюшы хореографы Сұлтанбек Ғұмар бастаған театрдың балет труппасының орындауындағы аспаптық қазақ этно-фольклоры мен балет өнерінің синтезі ерекше назар аударуға лайық.
К.Байсейітова атындағы Камералық зал да қалыс қалған жоқ. Жұртшылық назарына виолончель кештері, фортепиано солосы ұсынылып, көрермен қауым мәскеулік виртуоз пианист Еламан Ернұрға қошемет көрсетті, вокалдық бағдарламалар қатарында Сыдық Мұхамеджановты еске алуға арналған тамаша кеш өткізілді және, әрине, Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-буффасы қойылды. Ал Мәрмәр залда С.Рахманиновтың «Алеко» операсы үлкен табыспен өтті.
– Опера мен балет адамға өте қажет, – деп пікірімен бөлісті көрермен Зәуре Салықова. – Әр өнер көрсету жүрек қылын шертіп, ерекше әсер етті. Балаларымызбен бірге «Күлбике» балеті мен «Етік киген мысық» операсын тамашаладық, ал бізге қонақтар келгенде, бәріміз бірге Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балеті бар гала-бағдарламаға бардық. Менің ойымша, ұйымдастырушылар фестивальдің сан алуан бағдарламасын жасай алды, онда әрбір көрермен өзінің жанына жақын нәрсені тапты: классикалық жауһарлар, эксперименттік жобалар және, әлбетте, ұлттық классика. Бұл фестиваль елдер арасындағы мәдени байланыстарды да нығайта түсті. Өкінішке қарай, ол аяқталуға жақын. «Опералия» келер жылы бізге қандай тосынсыйлар дайындап қояды екен, – деп сөзін түйіндеді Зәуре Салықова.
Фестиваль Калаф партиясында ресейлік тенор Михаил Пироговтың қатысуымен Дж.Пуччинидің «Турандот» операсымен түйінделді. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры керемет қуат пен эмоциялық тереңдікке қол жеткізіп, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады. Театрда қайта жүздескенше, «Опералия» фестивалі!