2 мыңнан астам адам аутизм бар балаларды қолдап, Астанада өткен қайырымдылық жүгіріске қатысты
18 мамырда Астанада екінші «Run for autism» қайырымдылық жүгірісі өтті. Жиналған 13 млн теңге қаражат балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабнеттерін ашуға бағытталады. Іс-шараның ұйымдастырушысы – «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласы әкімдігінің және серіктестерінің қолдауымен.
Қайырымдылық жүгірістің мақсаты – аутизм туралы жұртшылықтың хабардарлығын арттыру, аутизм бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі және өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз ету.
Аутизм ерте балалық шақта байқалады және жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайына еш байланысты болмайды. Аутизм белгілі бір тақырыптарға асқан қызығушылық танытумен, қайталанушы мінез-құлыққа бейімділікпен және күнделікті қарым-қатынастағы қиындықтардың болуымен сипатталады. Өкінішке орай мұның бәрі мұндай балаларды қоғам өмірінен тыс қалдырады. Бірақ мінез-құлықты сауатты түзету арқылы, мейірімділік танытату арқылы, аутизм бар адамдарды қоғам өміріне сәтті қатыстыруға болады.
Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда аутистикалық спектрінің бұзылыстары бар 16 700 бала, оның 3 479-ы елордада тұрады. ДДҰ деректеріне сәйкес әлемдегі әрбір 54-ші балада аутистикалық спектрдің бұзылуы бар. 2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.
Жүгіріс 1 км., 2,5 км., 5 км. және 10 км. төрт қашықтық бойынша өтті. Қатысу бағасы 5 990 теңгеден бастап 8 990 теңгеге дейін болды. Қайырымдылық жүгіріске Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2330 адам қатысты.
Шараның құрметті қонағы және жарысқа қатысушы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы болды.
«Run for Autism» – жай спорт жарысы емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және ауылдарымыз бен қалаларымызда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндіктер беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға шақырамын», – деген Мәулен Әшімбаев жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Жарысқа кәсіби спортшылар, бочча бойынша пара-спортшылар, ымдау тілі спортшылары, әуесқойлар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, 120-дан астам ерекше қажеттіліктері бар балалар, ата-аналар және т.б. қатысты. Онлайн жүгіріске Алматы, Ақтау, Екібастұз, Орал, Қарағанды, Петропавл, Қосшы және т.б. қалаларынан 24 адам қатысты.
Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бойынша жеңімпаздар дипломдар мен медальдармен марапатталды. Әрбір жүгірушіге шоппер, футболка, жүгіріске арналған нөмір, ұтыс ойыны үшін нөмірі, тамаққа талон, бағдарлама және спорттық батончиктен тұратын жинақ табысталды.
Іс-шара шегінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизм бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, Даун синдромы бар және т.б. 5-14 жас аралығындағы 100-ден астам бала қатысты. Эстафета аяқталған соң балаларға медаль және іс-шараның серіктестерінен сыйлық табысталды.
«Run for autism — бұл аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама. Олар әртүрлі форматтарда өткізіледі: марафон, жартылай марафон, триатлон, жүгіріс және т.б. Және олар әлемнің ең ірі қалаларында өткізіледі: Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург және т.б. Біздің Қор бұл халықаралық тәжірибені алғаш рет елімізде енгізді. Өткен жылы біз алғашқы Run for autism жүгірісін өткіздік. Жиналған қаражатқа біз елорданың балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтадық. Бір кабинетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалатынын ескертемін. Бұл сомаға ерекше балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту материалдарды сатып алу кіреді. Бүгін жиналған қаражатты да біз балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға бағыттаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жастан бастаған жөн. Бұл жағдайда менталдық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеуметтенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады.
Осындай ауқымды шараға қолдау көрсеткен демеушілеріміз бен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артып келеді, бұл – ақпарат көбірек адамға таралады деген сөз. Біз қоғамның барған сайын ашық болып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз мүмкіндігінше көп адамның аутизм туралы көбірек білсе, ал инклюзия мәселелері барлық деңгейлерде шешілсе дейміз», — деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің Төрайымы Динара Гаплан.
Жарысқа 50-ден астам компания мен ұйымның қызметкерлері, оның ішінде инклюзивті білім беру саласындағы қызметкерлер қатысты. АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» Балаларды дамыту орталығынан әріптестерімен бірге жүгіріске келді: «Мен жүгіріске бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін осы жүгіріске қатысу – бұл тақырыпқа адамдардың назарын аудартудың, аутизм қиындықтармен күнделікті бетпе-бет келген жандарға қолдау көрсетудің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын білімнің таралуына көмектесудің тәсілі. Мен өз жұмысымда дамуында ерекшеліктері бар балаларға жағымсыз мінез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қатынас жасауға және өзара әрекеттесуге көмектесемін. Біз дәлелденген әдістерді қолданамыз және балалар күнделікті тапсырмаларды жақсырақ орындай алуы үшін отбасымен және басқа мамандармен бірлесе жұмыс істейміз».
Астана тұрғыны Амангелді Дощановтың жасы 81-де, ол – жасы ең үлкен жүгіріс қатысушысы. Амангелді ата 10 километр қашықтыққа тіркелді:
«Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келеді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та дұрыс әрі толық өмір жасауымыз үшін өз денсаулығымыздың қадірін біліп, өзімізге қарауымыз тиіс. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өздеріне жаттығулар қолданып, ел-жұрт қатарында жасайды. Біздің қазақ елінде де осындай жандар бар. Әрине, мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді», — деді Амангелді Дощанов.
Run for autism» қайырымдылық жүгірісі Астана қаласы әкімдігінің, «Amanat» партиясының, «ERG» компаниялар тобының, «Integra Construction» компаниясының, «NAK» құрылыс холдингінің, «SF» қазақстандық дәмді тағамдар желісінің, «MYD Production» компаниясының, «G-life» ауыз суының, «K-cell» компаниясының, «Argymaq» премиалды брендінің, «ZAVOD» ивент агенттігінің, «NV Clinic» стоматологиясының, «Teethalign» компаниясының, «Templ» фитнес- орталығының, «WOW swim» жүзу мектебінің, «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ, «Coffee Day» әлемдік кофеханалар желісінің, «SL» компаниясының, «Nomad Triathlon Club» Қазақстандық спортшылар кеңесінің, «My Start», «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қолдауымен өтті. Ақпараттық серіктестер: «NUR Media» медиахолдингі, «Казақапарат» ХАА, «Jibek joly» телеарнасы, «Sxodim», «А98 – новости Астаны», «Хабар» Агенттігі» АҚ, «24KZ» телеарнасы, «Smartnews» порталы, «Super Kyz», «Бегу баста».
Жүгіріске қатысушылар арасында бағалы жүлделер: Samsung Galaxy S 24 смартфондары, «Argymaq» премиалды киім брендінің, «Coffee Day» әлемдік кофеханалар желісінен, «NV CLINIC» стоматологиялық клиникасынан, «Wow Swim» жүзу мектебінен, «Teethalign» компаниясынан сертификаттар және «Templ» фитнес-орталығынан жылдық абонемент және т.б. ойнатылады.
Қазақстандағы бірінші «Run for autism» қайырымдылық жүгірісі 2023 жылғы 27 сәуірде өтті. Іс-шараға республикамыздың 7 қаласынан 1 100-ден астам адам, оның ішінде даму ерекшеліктері бар 96 бала қатысты. Жүгіріс қорытындылары бойынша 7 000 000 тг қайырымдылық қаражат жиналды. Жиналған қаражатқа «Болашақ» қоры Астана қ. №54, №60 и №66 балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабнетін жабдықтады. Аутистикалық спектрінің бұзылыстары бар 18 бала осы кабинеттерде дәріс оқиды.