2024 жылғы жол-құрылысы маусымының қорытындысы

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің қатысуымен 2024 жылғы жол-құрылысы маусымының қорытындысы тақырыбында брифинг өтті.

2024 жылғы жол-құрылыс маусымында 8700 шақырым республикалық маңызы бар автожолда түрлі жөндеу жұмыстары жүрді. 3100 шақырым жолға қайта жаңарту және құрылыс жобалары жасалды. 600 шақырым жол  күрделі жөндеуден, 5000 шақырым жол орташа жөндеуден өтті.

Спикердің сөзінше, биылғы жол-құрылыс маусымына 9100 арнайы техника, 13500 маман, 91 асфальтбетон зауыты, 83 ұсақтап іріктеу құрылғылары жұмылдырылып, 1 млн 280 мың тонна битум (оның 950 мың тоннасы отандық өндірушілерден, 330 мың тонна РФ-тен алынды) жұмсалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 3100 шақырым жол қамтылды, оның 2000-ға жуық шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, жол пайдалануға берілді.

Брифинг барысында Дархан Иманашев «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханға), «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Талдықорған-Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаны туралы хабарлады.

«885 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш-Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, толықтай қолданысқа берілді. Қарағандыдан Алматы қаласына дейін бірінші техникалық санаттағы жол салынып, төрт жолақты қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханға)» автожолының 272 шақырымы қайта жаңартылып, жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. 96 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолын қайта жаңартуға 691 мың тонна асфальтбетон қоспасы жұмсалып, 10 көпір, 5 өтпежол және 3 жол айрығы салынды. 8 демалыс алаңы мен 18 аялдама аббаттандырылды. «Талдықорған-Өскемен» автожолын қайта жаңарту жұмыстары аясында жол бірінші және екінші техникалық санатқа ауыстырылып, Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасында көлік қозғалысы қамтамасыз етілді», -деді ұлттық компания басшысы. 

2024 жылы күрделі жөндеуден республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың 29 нысаны өтті. Олардың жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайды. Орташа жөндеумен республикалық автожолдардың 217 нысаны қамтылды. Олардың жалпы ұзындығы 5023 шақырым, оның 32 нысаны өтпелі және 185-і жаңа нысандар. Биыл орташа жөндеу жұмыстары аясында 1217 шақырым жол немесе 68 нысан аяқталып, қолданысқа берілді. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 1143 мың шаршы метр қамтылды.

«Қыс басталғалы республикалық автожолдарды күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Республикалық маңызы бар автожолдар желісінің жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды, оның 21,5 мың шақырымы күтіп-ұстау жұмыстарымен қамтылған», — деді Д.Иманашев.

Биыл қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм, 172 мың текше метр қиыршық тас қалдығы, 1,2 мың тонна химиялық реагент дайындалды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл көктайғаққа қарсы материалдың көлемін 3 есе артты.

«Жол пайдаланушыларға тәулік бойы 1403 байланыс орталығы қызмет көрсетеді. Байланыс орталығына жыл басынан бері 470 мың өтінім келіп түсті. Байланыс орталығының мамандары жолдағы ауа райы жағдайы, ақылы жолдар туралы ақпарат беріп, көліктері бұзылған жүргізушілерге көмек көрсетіледі», — деді спикер.

Еліміздегі ақылы жолдардың желісі 3221 шақырым, ол 17 ақылы учаскеден тұрады. Соңғы 11 айда ақылы жолдардан 48,4 млрд теңге түскен. Бұл қаражаттың барлығы осы жолдарды күтіп-ұстауға және жаңа техника алуға жұмсалады.

«Республикалық автожолдар желісінде 1500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бар. Биыл 1299 жол бойындағы нысанды Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес 90%-ға жеткіздік. Алдағы 2-3 жылда оны 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп хабарлады басқарма төрағасы.

2024 жылы республикалық автожолдардың бойында жеке инвесторлардың есебінен 38 жаңа жол бойындағы нысан салынды, оның ішінде 22 жанармай стансасы, 14 кафе және 2 қызмет көрсететін кешен.

Ұлттық компания басшысының айтуы бойынша, жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы 47 жаңа санитарлық-гигиеналық торап салынған. Қазіргі таңда олардың саны 141-ге жеткен.

Жолдың сапасын қадағалау мақсатында 2024 жылы мердігерлер салған жобалардан 2900 ақау анықталып, оның 2700 ақауы жойылған. Жүзеге асырып жатқан 255 жол-құрылыс нысандарының сапасын тексеруге 42 техникалық бақылау компаниялардың 489 маманы жұмылдырылды.

«2024 жылы жұмыстарды сапалы орындамағаны үшін техникалық бақылау қызметтеріне 136,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 10 маман жұмыстан шығарылды», — деді спикер.

Сөз соңында спикер келесі жылға жоспарланған жобалармен бөлісті. Оның айтуынша 2025 жылы түрлі жол-құрылыс жұмыстармен 8254 шақырым жол қамтылады, оның ішінде 994 шақырым қайта жаңарту, күрделі жөндеумен 390 шақырым және орташа жөндеумен 6900 шақырым.

Сондай-ақ, «Жезқазған-Қарағанды», «Сарыағаш қаласының айналма жолы», «Рудный қаласының айналма жолы», «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Қызылорда қаласының айналма жолы», «Түркістан қаласының айналма жолы», «Бейнеу-Бозой-Шалқар», «Қызылорда-Сексеуіл» және «Петропавл қаласының айналма жолы» республикалық автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары басталмақ.