«28 ілмек» клубына – 13 жыл: Жүректен шыққан жылылық

Алматы қаласындағы Presso мейрамханасында «28 ілмек» клубының 13 жылдығына арналған ерекше кездесу өтті. Бұл жай ғана мерейтой емес, бұл  жақсылыққа сенетін, шын жүректен көмек қолын созатын жандардың бас қосуы. Еріктілер, дәрігерлер, серіктестер, журналистер мен клубқа жанашыр азаматтар жиналып, ортақ іс үшін алғыстарын білдірді.

Бәрі фотосуреттен басталды

«28 ілмек» клубының тарихы 2012 жылдың 29 шілдесінде басталды. Осы күні журналист Карла Нұр жаңа туған шақалақтарды аман алып қалу үшін күресіп жүрген неонатолог-дәрігерлер жайлы материал жариялады. Ол дәрігерлердің жанкештілігіне тәнті болып, әлеуметтік желіде жұртты жүннен тоқылған кішкентай шұлықтар тоқуға шақырды.

Бұл үндеуге елдің түкпір-түкпірінен нәзікжанды жанашырлар үн қосты. Көп ұзамай бұл бастама үлкен қозғалысқа айналып, ТМД кеңістігінде алғашқы болып, салмағы небәрі 500 граммнан асатын шала туған нәрестелерге арнап жылы киім тоқитын еріктілер клубы пайда болды.

Неліктен атауы «28 ілмек»?

Клубтың атауының өзі символға айналған: жаңа туған нәрестеге арналған алғашқы шұлықты тоқу үшін дәл 28 ілмек қажет.

Бүгінде клуб мүшелері 100% табиғи жүннен жасалған толық жиынтықтар тоқиды: шұлық, бас киім, күртеше, шағын көрпеше, сондай-ақ 100% мақтадан тоқылған ойыншықтар. Бұл бұйымдар нәрестелерге тыныштық пен жылулық сыйлап қана қоймай, дене жылуын сақтау арқылы өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Сонымен қатар, балаға массаж әсерін беріп, қан айналымын жақсартады, ал анасына үміт пен сенім береді.

Клубтың мақсаты — жаңа туған сәбиге дем беру

«28 ілмек» клубының басты миссиясы – шала туған сәбилер мен олардың отбасыларына қолдау көрсету. Еріктілердің өз қолымен тоқылған әрбір бұйым перинаталдық орталықтарға, неонатология бөлімшелеріне және перзентханаларға тегін жеткізіледі.

Айта кету керек, ешбір медициналық мекемелерде тоқыма жіп алуға бюджет қарастырылмаған. Сол себепті клуб толығымен еріктілердің қамқорлығына, тоқитын қыз-келіншектердің жүрек жылуына сүйеніп жұмыс істейді. Қажетті тоқыма жіп те олардың өз қаражатынан алынады.

Клубтың жұмысы жай ғана тоқу емес. Бұл қолда барымен бөлісетін, бір-біріне сенім ұялататын, аналардың жанарынан үміт ұялататын қайырымдылықтың дәлелі. Әр тоқылған бұйым бұл нәрестенің алғашқы жылы құшағы, ананың — жалғыз емес екенін сезінетін сәті.

Клуб географиясы мен ауқымы

13 жыл ішінде клуб халықаралық қозғалысқа айналды:

  • 14 елде, соның ішінде Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Латвия, Эстония, Германия, Тәжікстан, Армения елдерінде жұмыс істейді;
  • 151 қалада шамамен 4000 ерікті бар;
  • Дәрігерлермен, перинаталдық орталықтармен, қайырымдылық қорлармен тығыз байланыста жұмыс істейді;
  • Үнемі шеберлік сабақтары, кездесулер мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады;
  • 2017 жылы «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды.

Алматы қаласы бойынша клуб жетекшісі Ғазиза Ұзақ;

«13 жыл ішінде клуб кішкентай бастамадан риясыз мейірімнің қозғаушы күшіне айналды. Қарапайым тоқыма өнері адамдарды біріктіріп, мамандықтар мен ұрпақтарды байланыстырып келеді. Ең бастысы — бұл көмектің шын жүректен екені нәрестенің әрбір тынысынан байқалады»

Шала туған сәбилер — сандар мен сенім

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы елімізде 367 000-ға жуық бала дүниеге келсе, олардың 17 616-сы (4,8%) шала туған. Әлем бойынша мұндай сәбилер саны жыл сайын 15 миллионға жетеді.

Соңғы жылдары шала туған балалардың өмір сүру деңгейі едәуір өсті:

  • 500–999 г салмақтағы сәбилердің өмір сүруі 2009 жылы 19,1% болса, 2024 жылы — 51,3%;
  • 1000–1499 г салмақтағыларда бұл көрсеткіш 56,1%-дан 87,2%-ға дейін өсті.

Мұның бәрі — медицина жетістігі мен адам жанашырлығының үйлесімі. «28 ілмек» клубының еріктілері осы өзгерістердің маңызды бір бөлігі болып отыр.

Алматы қаласы бойынша клуб жетекшісі Марина Чегаева:

«Біздің миссия тек тоқыма тоқу емес. Жүннен жасалған бұйымдар нәрестенің дене жылуын сақтаумен қатар, қан айналымын жақсартып, тыныс алуына ықпал етеді»

Жылылыққа толы кездесу

Presso отбасылық мейрамханасында өткен шарада қатысушылар бір-біріне алғыс айтып, шабытты оқиғалармен бөлісті, алдағы жоспарларын талқылады. Шараға келесі құрметті қонақтар қатысты:

  • Адель Смит — танымал журналист, тележүргізуші әрі шала туған баланың анасы. Ол шын жүректен шыққан сөздерімен тыңдарманды тебірентіп, бұл қозғалыстың маңызын аналық жүрегімен жеткізді;
  • Шынар Жанибекова — медиа-менеджер, клубтың алғашқы мүшелерінің бірі. Ол клубтың алғашқы қадамдарын еске алып, бұл бастаманың кең қанат жаюына үлес қосқан жандардың бірі;
  • Елена Хрусталева – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Елена көп жылдан бері клубтың сенімді досы әрі демеушісі. Ол клубқа қажетті тоқыма жіптерді сатып алуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді;
  • Шынар Мәлік — реабилитолог-дәрігер, шала туған балалармен көп жұмыс істейтін маман:

«Мен өз жұмысымда нәрестелерді «өмір сауытында» жиі көремін — бұл жүннен тоқылған жылы киімдер. Бұл – жай жылу емес. Бұл – өмірге деген серпін. Ал ана үшін бұл сыйлық — сенімнің, үміттің нышаны. Ол баласын аман алып шығатынына сенеді»

Шараға Mary Kay, PwC, RG Brands секілді серіктес компаниялар, медицина өкілдері, блогерлер мен БАҚ өкілдері де қатысты.

Жай ғана қайырымдылық емес

«28 ілмек» — бұл мейірімді жүректердің орталығы. Мұнда әр тоқылған ілмек риясыз махаббаттың көрінісі, әр тоқылған киім үміттің нышаны. Мыңдаған  жандар бір мақсат үшін қол ұстасып, жіптен емес, сенім мен өмірге жол тоқып келеді.

Жақсылықты қолдан тоқуға болады, оны бірге жасау жеткілікті.