«2GIS» сервисі кафелерден қазақша ас мәзірін талап еткен пікірлерді жаппай өшіре бастады

Соңғы рет ондай жағдай Алматыдағы «Динара» кафесіне қатысты пікірлерде орын алды, деп хабарлайды DALA INSIDE Telegram-каналы. Қазақ тіліне қатысты пікірлердің барлығы 4-ші ақпаннан бастап «расталмаған» категориясына енгізіліп, артынан өшіріле бастаған. Керісінше кафені жақтайтын пікірлердің барлығы бірден расталған.

«2GIS» Ресейдің мобильді қосымшасы болып табылады. Оның иесі «ДаблГИС» ашық акционерлік қоғамы. Өз кезегінде «ДаблГИС» Сбербанкке қарайды. «2GIS» Сбербанк санкцияға ұшырағаннан кейін AppStore-ден алынып тасталған болатын. Олар дереу DG-SOFT деп аталатын қазақстандық компанияның атынан тіркеліп, AppStore-ге қайтадан кіріп алды. DALA INSIDE бұл туралы Apple корпорациясына арнайы сұрау салатын болады. Жалпы Ресейлік компанияның біздің атымызды жамылып, санкцияны айналып өтуі, қазір Ресейдің біз арқылы паралелльді импорт жасауы биыл Қазақстанға қосалқы санкция әкелуі мүмкін.