«Астана Опера» мерейтойлық маусымын көрерменнің зор қошеметімен аяқтады
Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің көшбасшысы саналатын «Астана Опера» театры 16 шілдеде X мерейтойлық маусымын әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өткен Симфониялық концертпен аяқтады. Бұл маусым жарқын әрі мазмұнды болып, халықаралық форматтағы айтулы оқиғалардың тізбегімен атап өтілді.
Ұлттық колоритті сақтай отырып, классикалық архитектураның үздік дәстүрлері бойынша тұрғызылған елорданың алып әшекейі саналатын театрда мерейтойлық маусым бойы нағыз асқақ өнер мерекесі салтанат құрды. Осынау уақыт ішінде көрермендер аудиториясына бірқатар айтулы премьералар ұсынылды: 2022 жылдың ең көп талқыланған және көпшілік асыға күткен балеттік премьерасы «Күлбике» көрермендердің зор қызығушылығын оятты, оны «Астана Опера» сахнасында С.Прокофьевтің музыкасына хореограф Раймондо Ребек қойды. 2022 жылы желтоқсанда Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балетінің премьерасы үлкен резонанс туғызды. Биыл театр тағы екі премьераны жарыққа шығарды, олар – әлемдік хореография жауһары В.А.Моцарттың музыкасына И.Килианның «Кіші өлім» балеті және Дж.Россинидің сирек орындалатын «Алжирдегі италиялық қыз» опера-буффасы.
Көкжиекті бағындырды
Премьераларды гастрольдер тізбегі алмастырды: 2022 жылдың аяғында балет труппасын Мәскеу жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алып, жылы лебіздерін жаудырды. Өнер көрсету Кремль сарайының сахнасында зор табыспен өтті. Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында қазақстандық ұжым Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» спектаклін ұсынып, театр сүйер қауым мен музыка сыншыларының жоғары бағасын алды.
Музыканы бағалайтын жандар да, әртістер де көптен күткен «Астана Опера» гастролі Алматыда 8-10 желтоқсан аралығында өтті. Театр алматылық көрермендерге бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі бағдарлама – Гала-концерт пен Дж.Вердидің «Реквиемін» ұсынды. Атақты солистер театр хорының және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Араға үш күн салып, «Астана Опера» труппасы Қазақстан мен Әзербайжанның әріптестігі аясында алғаш рет Бакуде гастрольдік бағдарламамен өнер көрсетті. Гала-концерт Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өтті.
Десе де, турне мұнымен біткен жоқ, театр труппасы өнер көрсеткен келесі қала Беларусь астанасы – Минск болды. Опера солистері Беларусь Үлкен театрында Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын орындады. Бұл гастроль XII Минск Рождестволық опера форумы аясында өтті. Солистердің вокалдық шеберлігі мен әртістігі, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі Камералық оркестрдің нақышына келтіре дыбыстауы беларусьтік көрермендерді таңғалдырды.
Ал бұл уақытта «Астана Опера» сахнасында гастрольдік турмен қатар, әлемнің 14 елінен опера және балет жұлдыздарын жинаған «Жібек жолы» халықаралық фестивалі өтіп жатқан еді. Бір айға жалғасқан асқақ өнер мерекесі көпшіліктің жадында жарқын естеліктер қалдырды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен бұл фестиваль еліміздің мәдени өміріндегі ең айтулы оқиғалардың бірі ретінде тарихқа енді.
Сондай-ақ өткен жылды қорытындылаған есте қаларлық оқиға «Астана Опера» сахнасында өткен Өнер саласындағы Umai тұңғыш ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі болды. 5 айға созылған байқауға қатысуға 400-ден астам үміткерден өтінім келді. Сыйлықты табыстау рәсімі «Оскар» форматында өтті. Бағалы мүсінше мен ақшалай жүлделерді 19 лауреат алды!
Биылғы жылдың өзінде труппа түрлі қалалар мен елдерге гастрольмен барды: мамырда опера труппасының Қарағандыдағы, балет труппасының Алматыдағы гастрольдері өтті. Хор әртістері Польшада өнер көрсетіп, Варшава мен Белостокта зор табысқа қол жеткізді. Әртістер халықаралық байқаудан жүлделі бірінші орын алып келді, сондай-ақ қазақ музыкасының жеке концертін берді. Артынша поляк жұртшылығының сұрауы бойынша қазақ музыкасының тағы бір концертін өткізді. Екі аптадан кейін Словения тұрғындары біздің балет әртістерінің жарқын өнер көрсетулеріне өз бағасын бере алады.
Дәулескер скрипкашы Марат Бисенғалиевтің көпшіліктің жүрегін жаулаған жобасын да атап өтпеске болмайды. Мың музыкант бір мезгілде бір сахнада «Ұлы дала әуені» салтанатты одасын орындады. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін ауқымды мерекелеу аясында өтті.
Театр мақтанышы
«Астана Опера» театрының бас дирижері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев Будапеште С.Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік» атты көлемді операсын, Люблянада П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын зор табыспен қойды. Сонымен қатар театр әртістері «Астана Операны» көптеген әлемдік алаңдарда әйгілеуде. Мәселен, балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Австралияда жарқын өнер көрсетті. Ол әлдеқашан Жасыл құрлық тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді, себебі балет жұлдызы мұнда үш жыл қатарынан өнер көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, Бақтияр Адамжан Қазақстанның өнерін Кипрде өткен CELEBRITY BALLET GALA гала-балетінде ойдағыдай таныстырды, одан кейін гастрольдік бағдарламамен Италияда (Римде, Болоньяда), Кореяда, Ресейде (Санкт-Петерборда) және басқа да көптеген елдерде болды.
Оның әріптесі – «Астана Опера» солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында зор табыспен өнер көрсетті. Ал «Астана Опера» солисі Анастасия Заклинская мен театрдың балет труппасының әртісі Диас Құрманғазы Беларусь Үлкен театрының сахнасында А.Аданның «Жизель» балетінде басты партияларда өз өнерлерін ойдағыдай паш етті. «Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі Арман Уразов пен балет солисі Шұғыла Әдепхан Захарий Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында зор жетістікпен өнер көрсетіп, грузиндік жұртшылықтың қошеметіне ие болды.
Әлбетте, әртістердің жетістіктері үнемі лайықты марапаттармен және атақтармен еленіп отырады. Мәселен, «Астана Опера» опера труппасының солисі Шыңғыс Расылхан «ТеатрALL» халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды, сондай-ақ оған шығармашылықтағы жемісті қызметі үшін жоғары марапат – «Классикалық музыка» номинациясында «Дарын» сыйлығы берілді. «Астана Опера» театрының жетекші балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева балет саласындағы үздік жетістіктері үшін «Жыл солисі» номинациясында Қазақстан Республикасы Театр сыншылары одағының беделді сыйлығының лауреаты атанды. Арада шамалы уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2022 жылы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру туралы» өкімімен Әйгерім Бекетаева мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері атанды.
Сөз арасында айта кетейік, биыл театр алғашқы академистерді, яғни Astana Operа Халықаралық опера академиясының түлектерін шығарды. Олардың көбі өздерін халықаралық байқауларда көрсетті. Мәселен, Astana Opera Халықаралық опера академиясының солисі Гүлдана Алдадосова Мәскеудегі Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы Музыкалық театрда өткен Хибла Герзмаваның вокалистер мен концертмейстерлердің беделді байқауында арнайы сыйлық иегері атанды. Оның әріптесі Валерий Селиванов Молдовада өткен Мария Чеботари атындағы I Халықаралық опера әншілерінің теле-радио байқауында арнайы жүлдеге ие болды. 2023 жылы шілдеде Италияның Пезаро қаласында Россини опера фестивалі басталады, осынау ең беделді әлемдік алаңда өнер көрсетуге заманымыздың әйгілі әншілерімен қатар Әлихан Зейнолла да шақырылған болатын.
Білім алған жылдар ішінде Әйгерім Аманжолова Ақтөбеде өткен М.Әйтімов атындағы республикалық вокалистер байқауының бас жүлде иегері атанды. Осы шығармашылық додада бірінші орынды Дінмұхамед Көшкінбаев қанжығасына байлаған болатын. Сондай-ақ ол «Культура» телеарнасындағы «Үлкен опера» халықаралық телевизия жобасына қатаң іріктеуден өтіп, тағы бір айтулы жеңісімен қуантты.
Келесі аталған академистер Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауының лауреаттары атанды: Әлихан Зейнолла (I сыйлық), Ұлпан Әубәкірова (II сыйлық), Дариға Мұсаева мен Ораз Мұхамедьяр (III сыйлық); байқау дипломанты – Талғат Аллабиринов.
Кезек жастардікі!
Академистер елордалық көпшілікті өздерінің жарқын сахналық жұмыстарымен бірнеше мәрте қуантып үлгерді. Осы жылы П.Чайковскийдің «Иоланта» операсының, ұлы композитордың 150 жылдығына орай С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік нұсқаларының премьералары болды. Көрермендер әртістердің өнер көрсетулерін құлшыныспен әрі қуана қабылдады. Дж.Пуччинидің «Богема» операсы мен Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы Astana Opera Халықаралық опера академиясындағы оқудың шешуші нүктесін қойды, бұл екі спектакльге де академия солистері қатысты.
Бұдан бөлек, «Астана Опера» өскелең ұрпаққа көп көңіл бөледі. 10 жыл бойы «Астана Опера» қабырғасында Балалар театр студиясы белсенді жұмыс істейді. Оның оқушылары бас сахнада өз өнерлерін кәсіби әртістермен қатар паш етеді. Ал былтыр «Астана Опера» театрлық қолөнер студиясын ашты. Балалар киім үлгілеуден бастап, ағашқа өрнек салуға дейін әркім өз сыныбына зор құлшыныспен баруда. Осы балалардың ішінде біреу болмаса, біреуі өздерінің кәсіби өмірлерін «Астана Операмен» байланыстырғысы келіп қалар деген мақсатпен театр дирекциясы олардың бойына театрға деген махаббатты сіңіруге тырысуда. Сондай-ақ үстіміздегі жылы театрда балаларға ғана емес, сондай-ақ ересектерге де театрлық қолөнерді үйрете бастады. Енді ниет білдірген кез келген жан жасына қарамастан театр қызметкерлері қатарындағы тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен өздерінің шығармашылық әлеуеттерін ашып, айрықша дағдыларды меңгере алады.
Халықаралық ынтымақтастық
Театрда бірқатар шеберлік сағаттары өтті. Оның ішінде атақты опера орындаушысы әрі вокал бойынша коуч Анна Вандидің (Италия) шеберлік сағатын, балет труппасының Франциядан келген шебер Янник Бокуинмен кездескенін айта кетуіміз керек. Маусым бойы елордалық сахнада келесідей шетелдік әртістер өнер көрсетті: оңтүстіккореялық опера әншісі Суми Чо, португалиялық әнші Сюзана Гашпар, дүние жүзінде сұранысқа ие флейташы Андреа Гриминелли (Италия), италиялық дирижер Джузеппе Акуавива, Мариинский театрының солисі Ахмед Агади, Беларусь Үлкен театрының жұлдыздары Дмитрий Уксусников пен Людмила Хитрова, Александр Михнюк (Беларусь), Дарья Горожанко (Украина), Константин Бржинский (Ресей), Ованнес Айвазян (Армения), Оксана Крамарева (Украина – Германия), Либуше Санторисова (Чехия), Дарья Сузи мен Хавьер Качейро Алеман (Германия) және тағы басқалары.
Театр ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтуіміз қажет. Ол өз сахнасына танымал әртістерді шақырып қана қоймай, шетелдік сахналарда өнер көрсету жайлы ұсыныстарды қуана қабылдайды.
Фестивальдер шеруі
Осы жылы қаңтарда театр «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин ұйымдастырған фестивальдер топтамасын өткізуді бастады, ол төрт айға жалғасты. Астаналықтарға Жапония, Моңғолия, Израиль мен Эстониядан дирижерлер шақырылған Вена классикасының фестивалі ұсынылды. Бұл фестивальде театр оркестрі классицизм дәуірінің жауһарларын орындауға қажет дәслеукер ойынды, шеберлік пен жоғары кәсібилікті паш етті.
«Рахманинов трибьют» деген атаумен тағы бір жарқын фестиваль ұлы классиктің 150 жылдығына арналды. Оған АҚШ-тан, Еуропа мен Қазақстаннан атақты орындаушылар қатысты. Сондай-ақ асқақ өнер жанкүйерлері 12-27 сәуір аралығында «Астана Операның» Мәрмәр, Камералық және Үлкен залдарында өткен Барокко-фестивальдің мазмұнды бағдарламасына баға бере алды.
Мерейтойлық маусымды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен ғаламат «Опералия» халықаралық фестивалі қорытындылады. Оған Барсег Туманян (Армения), Лаура Вереккья, Диего Каваццин, Изабель дель Паоли (Италия), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Седжун Ан (Корея), Мунзифа Исоева (Тәжікстан), Альфия Каримова (Башқұртстан), Айбек Саралаев (Қырғызстан), Абосхон Рахматуллаев (Өзбекстан), Коки Янг (Қытай), сондай-ақ атақты виолончельші Цзин Чжао қатысты.
Игі істер
Айта кету керек, театрда қайырымдылық шаралары үнемі өткізіліп тұрады. Осы маусымда «Астана Операда» мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Ақшақар мен жеті ергежейлі» спектаклінің көрсетілімі болды. Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні аясында «Күн барлығына нұрын төгеді» концерті өтіп, ерекше балаларға арналған «Мультконцерт» ұйымдастырылды. Сонымен қатар театр көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық акцияларын үнемі өткізіп тұрады. Театр әртістері қарттар үйі мен балалар үйлерінде мазмұнды бағдарламамен өнер көрсетеді.
Ізгі істермен айналыса отыра, әртістердің өзге адамдардың мәселелеріне барынша алаңдап, бұдан да жақсы болуға және осы әлемге жарық пен қуаныш әкелуге тырысатыны сөзсіз.
Маусым саны
X мерейтойлық маусымда театр 8 рет гастрольге шықты. «Астана Операның» іс-шараларына 100 мыңнан астам адам келді. 300-ге жуық іс-шара өтті, оның 49-ы опера, 49-ы балет және 141-і концерт. Театр фойесінде 50-ге жуық көрме қойылды. Театр 400-ге жуық баспасөз релизін таратып, БАҚ-тарда 5 мыңнан астам материал жариялады.
– 10 маусым бойы «Астана Опера» көпшіліктің театрға деген қызығушылығын оятып келеді. Ең үздік қоюшыларды, атақты орындаушыларды шақырады, ал спектакльдерді безендіруге Қазақстанның, сондай-ақ шетелдің озық мамандары тартылады. Сондықтан театр елорданың өзіндік бір нышанына, еліміздің төл белгісіне айналды. Бұл ең дарынды, шығармашыл орындаушылар тобын қатарына жинаған үлкен имидждік жоба. «Астана Операның» алдында жаңа онжылдық тұр, оның жарқын әрі қызықты болатынына еш күмән жоқ, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.