45 жылдық еңбек: Ұрпақ тәрбиесіне арналған өмір

Өндірістік оқыту шебері, өз ісінің хас маманы, болашақ электротехниктердің тәлімгері – Серікқазы Магавьянов техникалық білім беру саласында 45 жылдық еңбек өтілімен ерекшеленеді. Ол Абай облысының Электротехникалық колледжінде еңбек етіп, бірнеше буын кәсіби мамандарды тәрбиеледі.

Серікқазы Магавьянов – осы оқу орнының 1972 жылғы түлегі. 1979 жылдан бастап өндірістік оқыту шебері ретінде шәкірт тәрбиелеуге бар күш-жігерін арнады. Бүгінде ол білім берудегі заманауи әдістерді меңгерген тәжірибелі маман. Модульдік оқыту технологияларын енгізу, интерактивті әдістерді пайдалану, тәжірибелік сабақтарды макеттер мен стендтер арқылы жандандыру – оның ұстаздық ұстанымдарының бірі.

Ұстаздық пен кәсіби шеберлікті қатар алып жүрген ол білім саласындағы түрлі әдістемелік кеңестерге, біліктілікті арттыру курстарына және кәсіби семинарларға белсене қатысып келеді. Студенттердің теориялық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың техникалық мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға да ерекше мән береді.

 Серікқазы Магавьянов – WorldSkills чемпионаттарының белсенді қатысушысы әрі жетекші сарапшысы. Оның жетекшілігімен білім алушылар халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Ұстаздық жолындағы еңбегі ескеріліп, ол бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болды, олардың қатарында:

  • «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі  (2011 ж.);
  • ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы (2022ж.);
  • «Еңбек ардагері» медалі (2024 ж.).

Сонымен қатар ол Аймақтық WorldSkills чемпионаттарын ұйымдастыруға белсене атсалысып, Абай облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталған.

Серікқазы Магавьяновтың өнегелі өмірі – өз мамандығына адалдықтың, жас ұрпаққа деген жанашырлықтың және кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі. Ол білім беріп қана қоймай, жастарды еңбекке баулып, техникалық мамандықтардың мәртебесін көтеруге зор үлес қосып келеді. Оның 45 жылдық ұстаздық жолы – сапалы білім мен терең тәжірибеге негізделген қажырлы еңбектің айқын көрінісі.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі