Алматыға «Алатауға Ақ Жайықтан сәлем!» атты кешімен БҚО камералық оркестрі гастрольдік сапармен келді

Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі гастрольдік сапармен Алматы қаласында өнер көрсетеді. «Алатауға Ақ Жайықтан сәлем!» деген атауды иемденген, жанды тебірентер әуендер әлеміне шақыратын әдемі кеш Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында 6 қазан күні сағат 19.00-де басталады.

Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі алғашында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы Марат Бисенғалиевтің бастамасымен 2004 жылы «Батыс Қазақстан облысының М. Бисенғалиев атындағы филармониялық оркестрі» МКҚК ретінде құрылған. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен мәдениет саясатын жүзеге асыру мақсатында концерттік-орындаушылық, әлемдік классика өнері мен ұлттық музыканы насихаттау үшін «Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет басқармасының Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі» МКҚК болып жаңа құраммен қайта жасақталды. Содан бері, міне, 10 жылдан астам уақыт бойы классикалық музыканы сүйіп тыңдаушы көрерменге рухани азық сыйлап келеді.

Бұл ұжым – ұлт өнерінің дамуына үлес қосып, халықтың ықыласына бөлініп келе жатқан ұжым. Оркестр құрылғалы бері мемлекетімізден бөлек халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық музыкамызды әлемге таныстырды. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген данышпан Абайдың нақылы заман өзгерсе де, мағынасын жоймады. Мұндай әндердің қатарына алдымен классикалық әнді жатқызсақ ағаттық емес. Біздің қоржынымызда классикалық әндер молынан, әлемдік бестселлер санатындағы туындылар да жетерлік.

Ұжымның құрамында Қазақстан мен Ресейдің белгілі музыкалық жоғарғы оқу орындарының түлектері, жас музыканттар, Италияның Пезаро қаласындағы опера студиясында дәріс алған вокалист және негізінен өңірдің белгілі әншілері жұмыс жасайды. Оркестрдің бас дирижері, көркемдік жетекшісі – Асхат Хасанов.

Оркестр Алматы қаласының 1000 жылдығы және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен «Әуен — fest» республикалық камералық оркестрлер фестивалінде лауреат атанды. Еліміздің белгілі дирижері, Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірашевтың 70 жылдығына арналған республикалық камералық оркестрлер фестивалінде дипломант болды. Сондай-ақ халықаралық шығармашылық онлайн конкурста «Ішекті аспаптар оркестрі» аталымы бойынша бас жүлдені иеленді. Ал 2020 жылы Мәскеу қаласында өткен «GoodWin Art» 3-ші халықаралық онлайн байқауда «Ішекті аспаптар оркестрі» аталымы бойынша дипломант атанып, тағы бір мәрте биіктен көрінді.

Оркестр ұжымы еліміздегі іргелі өнер ұжымдарының бірқатарымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Соның арқасында шығармашылық және гастрольдік кештерімізге республикаға аты мәлім өнерпаздарды қатыстырып, өзара тәлім-тәжірибе алмастырып келеміз.

Одан бөлек ұжым Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, маэстро, КСРО халық әртісі Арнольд Катцтың шәкірті Рашид Скуратовпен жұмыс істеді. Михаил Переплеснин (Украина), Уйнстон дан Фогель (Америка), Али Ермекбаев сынды танымал дирижерлермен де шығармашылық байланыс орнатып келеді.

Оркестр ұжымы үнемі ізденіс үстінде, заманауи ағымнан қалыс қалмауды мақсат еткен. Оған дәлел – соңғы жылдар іщінде заманауи бағыттарға ден қойып, ерекше туындылардың өнерсүйер қауымға жол тартуы. Мәселен, камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Асхат Хасанов алғаш рет коллаборациялық жұмысқа ден қойып, халқымыздың інжу-маржаны саналатын күйлері мен халық әндерін нотаға түсіріп, оркестр құрамына домбыра, қобыз аспаптарын қосып, кахон, гитара, бас-гитара аспаптарының синтезін құрады.

Сондай-ақ театр режиссері Гауһар Адаймен және абстракт бағытындағы суретші Гүлдана Алинамен бірлескен жұмыс нәтижесінде камералық оркестр перформанс бағытында екі бірдей бейнебаян түсірді. Бұл туындылар қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп қана қоймай, өңір басшылығы тарапынан да марапатқа лайықты деп танылды. Осылайша, «2022 жылдың Үздік Коллаборациясы» номинациясын иемденді.