Алматы облысында коллеждерге тиесілі жатақханалардың сапасы сын көтермейді
Бірінде интернет қосылмаса, енді бірінде студенттер ескі-құсқы көрпе-жастық жастанып жатыр.
AMANAT партиясының белсенділері 1986 жылы пайдалануға берілген Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік техникалық колледжіне маниторинг жұмыстарын жүргізді. 300 орынға шақталған студенттер үйі 38 жылға жуық уақыттан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде мұнда 50-ге тарта студент тұрады.
«7 мамандық бойынша 600-ге тарта шәкіртке кәсіптік білім беріп отырған іргелі мекеменің жәй-күйі сын көтермейді. Жатақхана қабырғаларының сылағы түсіп, ас үй мен тазалық бөлмелерінің тозығы жетіп тұр. Су жүйелерінің де жағдайы тым нашар. Оған қоса қаланың қақ ортасында тұрып интернет желісіне қосылмаған», – дейді облыстық мәслихат депутаты Әсел Заирова.
Ал колледж директорының айтуынша, білім ордасында интернет бар, тек жылдамдығы нашар екенін айтып ақталды.
«Интернеттің жылдамдығы төмен. Сондықтан ашылмай тұрған шығар. Ал былай интернет бар. Материялдық база да бәрі бар. Бірақ жаңартуды қажет етеді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көптен бері өтінім беріп келеміз. Алайда, қаржы қарастырылмай жатыр», – дейді колледжінің директоры Рустембек Бәкіров.
Мониторниг тобы одан әрі Қаскелең мәдениет колледжіне де аялдады. Мұндағы студенттер үйі 55 жыл бұрын салынған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Алайда, 70 орынға шақталған жатақхана төсектері төрт аяғын зорға тіреп тұр. Төсенішері де ескі, шұрық тесік. Электр жүйесінде де қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Кей жері ашық. Көрпе-кешектің де күй жайы мәз емес.
«Студенттер лас төсеніштерді қолдануға мәжбүр. Біз барған қос мекеменің мүшкіл жағдайы көптен бері айтылып, көтеріліп келеді. Білім басқармасына депутаттық сауал да жолданған болатын. Өкінішке қарай жауап әлі күнге дейін жоқ», – дейді аманаттық депутат Әсел Заирова.
Айта кету керек, алдағы уақытта өңірдегі барлық орта арнайы оқу орындарындағы жатақханалар тексеріле бастайды.