Шілденің кешіндегі сүйікті музыка
Елордалық тыңдармандарды «Астана Опера» театры жарқын әртістерінің орындауында К.Байсейітова атындағы Камералық залда тамаша концерттік бағдарламалар күтеді. Маңғаз контрабасқа арналған әсерлі композициялар 14 шілдеде «Бас кілтінде» концертінде ұсынылады, ал нәзік флейта, кербез әрі әсем фортепианоның керемет сазы, тенор мен сопраноның құстай қалықтаған дауыстары 17 шілдеде «Шілде кешіндегі музыка» концертінде шырқалады.
14 шілдеде «Бас кілтінде» концерттік бағдарламасында «Астана Опера» Симфониялық оркестрі контрабастар тобының әртістері барлық оркестрлік аспаптардың ішіндегі ең үлкен аспаптың үнін паш етеді. Ішекті аспаптар отбасындағы ең төменгі дауысқа арналған туындыларды контрабасшылар Сәбит Дайыров, Анатолий Якушкин, Бауыржан Шақаев, Ермек Сәрсембаев, Махамбет Жарғақов, Дәулет Үдербаев, Нұрлан Двесов, Батырхан Хасенов орындайды. Топ музыканттарымен бірге сахнаға олардың әріптестері – скрипкашы Ильяс Жидебай, альтшы Ахмет Сұлтанов, гобойшы Рахматали Бекбабаев, кларнетші Алмаз Тоқпанов және пианист Меруерт Жекенова шығады. Бұл кеште контрабас мектебінің классигі, ең көрнекті, дәулескер контрабасшылардың бірі Дж.Боттезини және Г.Ф.Гендель, A.Пьяццолла, К.Диттерсдорф, К.Брамби, С.Прокофьев, А.Петров сынды ұлы композиторлардың шығармалары шырқалады.
— Біз контрабас музыкасы концерттерін осымен үш жыл қатарынан өткізіп келеміз, көпшіліктің оларға деген қызығушылығы зор. Игі дәстүрге айналған концерттеріміз тыңдармандар арасында танымалдылыққа ие. Мұндай жобалардың арқасында көрермендердің талғамы мен танымы қалыптасады, себебі біздің театрда Астана тұрғындары мен қонақтарының «оркестр патшайымы» деп танылған скрипканы немесе фортепианоны ғана емес, сондай-ақ контрабас секілді қызықты, бірегей, ерекше аспапты да тыңдауға мүмкіндігі бар, — деп атап өтті театрдың контрабастар тобының концертмейстері, «Мәдениет саласының үздігі» Сәбит Дайыров.
— Топ әртістері үшін өзіміздің сүйікті аспабымыздың барлық қырларын, оның бойындағы мүмкіншіліктерді көрсету өте маңызды. Өйткені туындыда үйлесімділік пен тұтастық болуы үшін контрабас оркестр үнінің іргетасы, қалған барлық музыканттарға тірек ретінде қызмет етіп қана қоймайды, сонымен қатар ол – симфониялық, камералық форматтағы тең серіктес болып табылады. Сондықтан концерт қатысушылары сахнаға жеке туындылармен ғана емес, екі немесе одан да көп контрабасқа арналған түрлі ансамбльдердің құрамында, скрипка, альт, гобой, кларнет және фортепианомен бірге де шығады. Осынау өнер көрсету алдында біз зор жауапкершілікті сезінгендіктен оған мұқият дайындаламыз, көрермендерге эмоциялар мен әсерлердің бай палитрасын сыйлау үшін дайындыққа көп уақытымызды бөлеміз, — деді Сәбит Дайыров.
Контрабас музыкасынан бөлек, бұл айда көрермендерге флейта, фортепиано және академиялық вокал – сопрано мен тенордың орындауында батыс еуропа композиторларының жауһарларын тыңдау мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен, 17 шілдеде «Астана Опера» солистері Ұлпан Әубәкірова мен Саян Исин және театрдың аспапшылары – флейташы Балжан Сапарова мен пианист Гульшан Конушева көпшілікке «Шілде кешіндегі музыканы» ұсынады. Мазмұнды концерттік бағдарламаға Ф.Гобер, П.Таффанель, Ф.Допплер, Ф.Пуленк, Р.Шуман — Ф.Лист, Ш.Гуно, П.Масканьи, Ф.Тости сынды авторлардың вокалдық және аспаптық музыкасы енді.
— Біз концертті шілденің ортасында өткіземіз деп шешкенде, бұл көрермендер аудиториясына жаздың жылы кешінде тыңдауға жағымды музыка болуы керек екені бірден түсінікті болды. Сондықтан формасы мен мазмұны жағынан классикалық, сонымен бірге қабылдануы жағынан жеңіл туындыларды да орындаймыз. Флейта мен фортепианоға арналған фантазиялар, фортепианолық және вокалдық шығармалар бізді, яғни орындаушылар мен көрермендерді демалыс пен махаббаттың жеңіл атмосферасына бойлатуды мақсат етеді. Көпшілік концерттен ләззат алады деген үміттеміз. Кім біледі, бәлкім олар біздің орындайтын музыкамыздың рухы мен хош иісіне тойып, кешті жазғы дәмханада бір шыныаяқ кофе ішіп, алдағы демалыстарын талқылаумен жалғастыратын шығар, — деп пікірімен бөлісті «Астана Опера» театрының концертмейстері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гульшан Конушева.
Театрдың симфониялық оркестрінің әртісі, флейташы Балжан Сапарова Гульшан Конушевамен бірлескен концерт өткізу – көптен бергі арманның жүзеге асуы екенін атап өтті. Олардың достығы Мәскеу консерваториясында оқып, студенттер жатақханасында тұрған кездерінде басталған екен.
— Тыңдармандарға бағыт беріп, жаңа дүниені ашатын, адамның ішкі әлемін байытатын, ғажайыпты сезінуге үйрететін және шығармашылық қабілеттерді дамытатын жандар музыканттар, яғни біздер болуымыз керек деп санаймын. Музыка ең әуелі біздің сезімдерімізге, санамызға, эмоциямызға және тіпті физикалық денемізге әсер етеді. Сондықтан біз бағдарламаны құруға асқан жауапкершілікпен келдік. Өзіме қатысты айтатын болсам, мен жазғы кештің жеңіл райын назарға ала отырып, ең алдымен өз аспабымның барлық сиқырын көрсеткім келді. Сол үшін мен үздік романтикалық, таңдаулы фантазияларды таңдадым, олар орындаушы үшін «жоғары пилотаж» болып табылады және белгілі бір шеберлік деңгейін талап етеді. Бұл шығармаларды композитор әрі дәулескер флейташылар болған австрия-венгриялық классик Ф.Допплер мен француз П.Таффанель жазған. Гульшан Конушева жазғы кеш үшін Ф.Пуленк пен Р.Шуман — Ф.Листтің махаббат тақырыбындағы туындыларын таңдады, — деді Балжан Сапарова.
— Көрермендерімізді одан сайын қызықтырып, концертті түрлендіру үшін біз өзіміздің тамаша солистеріміз Ұлпан Әубәкірова мен Саян Исинді шақырдық, сондықтан бағдарламада түрлі дәуірлер мен стильдерге жататын музыкалық туындылар ұсынылады. Біз бұл күнді асыға күтеміз. Тыңдармандарды керемет әуендерге бойлатқымыз, оларға эстетикалық ләззат сыйлағымыз келеді. Көрермендер ең жылы, ізгі әрі тебіреністі сезімдерге бөленеді, алған әсерлері оларды ғажайып атмосфераға тағы да тап болу үшін театрға қайта алып келеді деген үміттемін, — деп қорытындылады әртіс.