«Үржарайым» балалар сауықтыру лагерінде 700-ден астам бала демалыспен қамтылды

Абай облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QН Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы аясында жазғы демалыс лагері ұйымдастырылды. «Үржарайым» балалар сауықтыру лагері 5-8 сынып оқушыларына арналған. Осы жазда 720 бала – оқу озаттары, белсенділер, көшбасшылар, аудандық, облыстық, республикалық байқау жеңімпаздары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жазғы демалыспен қамтамасыз етілді.

Лагерьдің басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтық-патриоттық тәрбиені күшейту және ұлттық құндылықтарды дамыту. Әр ауысымда 120 бала қатысады, оларға барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Жазғы лагерь биыл 6 маусым балаларды қабылдайды. Абай, Бородулиха, Бесқарағай, Аягөз, Жарма, Көкпекті, Үржар, Мақаншы, Ақсуат аудандарынан 546 бала демалып үлгерді. Балалар күніне екі рет суға түсіп, алты рет тамақтанады. Лагерьде қауіпсіздік шаралары толықтай қамтамасыз етілген.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында теннис, футбол, вокал, домбыра, би секілді үйірмелер ұйымдастырылған. Барлық мауысымда салауатты өмір салты, эстетикалық, азаматтық-патриоттық, ұлттық және спорттық тәрбие бағыттарына негізделген тренингтер, интеллектуалды ойындар, спорттық және музыкалық іс-шаралар өткізіледі.

«Лагерь қауіпсіздігі» бағдарламасы аясында әр ауысым сайын «Суда абай болайық!» тақырыбында қауіпсіздік ережелерін үйрету мақсатында АПБҚ УПИ қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметкерлері және құтқарушылармен кездесулер ұйымдастырылады.

Анықтама үшін: биыл облыста 5 мыңға жуық бала демалатын 12 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 3000-ға жуық бала әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. «Қазақстан халқына» жобасының арқасында ауылдық жерлерден 546 бала «Үржарайым» лагерінде және Алматы облысындағы «Арман Dala» сауықтыру лагерінде 150 бала демалды. Бұл жоба бойынша барлығы 696 бала демалады.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі