Қауіпсіздікті сақтау құқық қорғау органдарының басты назарында
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету — еліміздегі өзекті мәселелердің бірі.
Елордада 2024 жылдың басынан бері 19 459 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде мас күйінде көлік тізгіндегендер саны – 118.
Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Апат жарақатының салдарынан еңбекке қабілетті жастар мен балалар зардап шегетіні белгілі. Көбісі жол-көлік оқиғаларының құрбаны болады.
Астана қаласы ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Нысантаевтың айтуынша, құқық бұзушылар жазадан жалтару мақсатында қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін заңға қайшы әрекеттер жасайтын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, қала тұрғыны мас күйінде көлік жүргізіп, қамауға отырмау үшін сотқа жалған жүктілік туралы анықтама берген. Сот шешіміне сәйкес, қала тұрғыны 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Брифинг барысында спикерлер бүгінде жол қозғалысы мәдениетін сақтау керек екенін атап өтті. Жолда жүру мәдениетін арттыру үшін тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.
Бөтен мүліктің бүлінуі де өзекті мәселемердің бірі болып тұр. Елімізде 2012 жылдан бастап ұсақ құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидасыны жүргізілуде. Бұл елдегі қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Ағымдағы жылы «нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыру шеңберінде 52 187 хаттама жасалған. Өткен жылдың наурыз айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне бөтен мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауаптылықты белгілейтін 147-1-бап енгізілді.
Норма қолданысқа енгізілген сәттен бастап 187 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 112 адамға 7,5 миллион теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынып, 67 адам әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы бойынша 1 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (2023 ж. — 731). Оның ішінде 665 адамға 44 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, 331 адам әкімшілік қамауға алынды.
Соңғы жылдары елордада азаматтарға тиесілі мүлікке, қалалық инфрақұрылымға, азаматтардың ортақ игілігі болып табылатын заттарға қасақана зақым келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Брифингке қатысушылардың айтуынша, бұл әрекеттердің көпшілігін адамдар саналы түрде жасайды. Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылғы 3 қаңтардан бастап қоғамдық және жеке мүлікті бұзуға бағытталған вандализм үшін жаза қатаңдатылды. Мемлекет басшысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекскетің әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты түзетулерге қол қойды.