«Астана Опера» жаңа театр маусымын ашты
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы нәтижесінде «Астана Опера» «Kazakh Opera Gala» концертімен XII театр маусымын ашты.
Залдағы атмосфера үкілеген үмітке толы болды. Аудиторияның арасынан танымал қазақстандық композиторларды, опера сахнасының ардагерлерін, атақты мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ өздері үшін классиканы енді ғана ашқан жандарды да байқауға болатын еді. Олар демдерін ішке тартып, кештің басталуын тағатсыздана күтті. Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» туындысынан симфониялық оркестрдің алғашқы аккордтары естілгенде көрермендер қазақ даласына, оның дәстүрлері мен түп-тамырына сүңгіді.
«Kazakh Opera Gala» концертінің әрбір нөмірін бағдарлама авторы, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев мұқият іріктеді. Маэстро жауынгерлік эпостардан бастап лирикалық нөмірлерге дейін қазақ операсының барлық қырын көрсете алды.
Сонымен, бұл кеште «Астана Опера» сахнасы ұлттық опералардың түйіскен нүктесіне айналды, ал ондағы кейіпкерлердің бейнелерін дарынды әртістер жүзеге асырды. Олардың қатарында Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсынан Ақтоқтының ариясымен көрермендер аудиториясына шыққан Ұлпан Әубәкірова бар, оның орындауы шынымен де жан тебірентерліктей болды. Талғат Ғалеев Еркеғали Рахмадиевтің аттас операсынан Алпамыстың «Кегім бар, кеудем толы-ай ала алмаған» ариясын таныстырды. Оның интерпретациясында Алпамыс ерлік пен батылдықтың бейнесіндей көрінді. Ал қуатты музыка мен оркестрдің нақышына келтіріп орындауы көрермендерді оқиғалардың қақ ортасына енуге мәжбүрлеп, ата-бабаларымыздың айтулы жеңістерін еске салды. Айгерім Аманжолова Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсынан Ақжүністің әнін керемет орындады. Еске сала кетейік, Ақжүніс – бұл қазақ операсындағы мүлде жаңа бейне, ол дәстүрлі нәзік кейіпкерлерге толығымен қарама-қайшы.
Әрі қарай бағдарлама қазақ опера дәстүрлерінің бар байлығын паш еткен ария, дуэт, симфониялық туындылар мен увертюралар тізбегімен жалғасты. Әсіресе театр примасы Жұпар Ғабдуллинаның Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсынан Зылиқа романсын, Мейір Байнеш пен Бибігүл Жанұзақтың М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан айтысты орындаудағы әртістік қабілеттері мен вокалдық шеберліктерін атап өтуіміз қажет. Бұл нөмірлер кез келген кедергілерді жеңіп шығатын нағыз махаббатты еске салды.
Кештің басы секілді, соңы да сондай қуатты әрі салтанатты болды. Алтынбек Әбілда мен Салтанат Мұратбекованың және хордың орындауындағы Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Беташар» қазақ халқының рухани мұрасы мен мәдени құндылықтарын бейнеледі. Ал кеш шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» увертюрасымен түрілді. Мұнда оркестр мен хор қазақ симфониялық музыкасының барлық қуаты мен әсемдігін паш етті. Көрермендер тік тұрып қол шапалақтады, ал «бәрекелді» деген қуанышты дауыстардың күшейе түскені сонша, бұл маэстро Алан Бөрібаевты сахнаға шығуға ынталандырды және соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орындалуына түрткі болды.
— Бұл кеш мен үшін жаңа бір дүние болды. Бүгін оркестр, хор және солистер – Айзада Қапонова, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай, Жанат Шыбықбаев, Бейімбет Таңарықов, Расул Жармағамбетов, Сұлтан Бақытжан, Валерий Селиванов және тағы басқалары керемет өнер көрсетті, — деді «Астана Операның» тұрақты көрермені Гүлбану Ахметова залдан шығып бара жатқанда өз әсерлерімен бөлісе отырып. – Мен ұлттық репертуардың мұншалықты әсерлі әрі қуатты орындалуын бұрын-соңды естімеген едім. Маусымның ашылуы керемет болды, енді алда тағы көптеген жаңалықтар мен музыкалық тосынсыйлар күтетініне, олар бізді, яғни көрермендерді таңғалдыратынына және шабыт сыйлайтынына еш күмән жоқ.
— Жоғары сапада орындалатын мұндай концерттер өте сирек өтеді. Бүгінгі оқиға Қазақстанның ұлы композиторлық мектебіне деген құрмет пен тағзымның белгісі болып табылады. Батысеуропа композиторларының шығармаларынан құралған гала бағдарламаларды жиі ұшырастырушы едік, алайда қазақ классиктерінің мұндай бай мұрасының бірге жинақталуын алғаш рет көріп тұрмын. Сондықтан біз бүгін өнер көрсетудің ғана емес, сондай-ақ маңызды мәдени оқиғаның куәгерлері болдық. Ол бізге еліміздің бай музыкалық мұрасын еске салып, оның қазіргі әлемдегі маңыздылығын атап көрсетеді. Мұндай концерттердің орындалуы дәстүрге айналады деген сенімдемін. Бұл кеш жас композиторларды қазақ операсы мен симфониялық музыкасының ұлы дәстүрін жалғастыруға жігерлендірді деп ойлаймын, — деп қорытындылады тыңдарман Омар Кекілбаев.