ҚР Мемлекеттік орталық музейі мәдени құндылықтарды сақтау жолында қызмет етуді жалғастырады
Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «Ашық қалпына келтіру орталығының» таныстырылымы мен «Мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жолдары» дөңгелек үстелін өткізді.
«Ашық қалпына келтіру орталығын» құрудағы басты мақсат –тарихи мұраларды қаз-қалпында сақтау және музей құндылықтарын қалпына келтіруші мамандардың тапшылығына байланысты болашақ реставраторлар легін қалыптастыру, сондай-ақ орталықта шеберлік сабақтарын өткізу арқылы осы мамандыққа деген жастардың қызығушылығын оятып, көрермендер арасында музей жұмысына деген оң көзқарас қалыптастыру», – деп ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы шараны салтанатты түрде ашты.
Жалпы орталық музей қоры ХІХ ғасырдың 30 жылдарынан қалыптаса бастаған. 200 жылға жуық тарихы бар музейде реставрациялық жұмыстар 1978 жылдан бастап жүргізіледі. Ал «Ашық қалпына келтіру орталығы» жобасының мақсаты – қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша білім беру алаңын ұйымдастыру, сонымен қатар қалпына келтіру мамандары, тарихшылар мен өнер сүйер қауым арасындағы іскерлік қарым-қатынасты қалыптастыру. Мұндай орталықтарды қоғамдық өмірге енгізу мәдени нысандар мен музей қорларындағы музейлік заттарды сақтаудың маңыздылығын көрермендер арасында жан-жақты насихаттау және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптасыруға ықпал ету.
«Мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жолдары» дөңгелек үстелінің баяндамашылары: ЮНЕСКО және Еуроодақтың Жібек жолы жобасының үйлестірушісі Маджер Масанов «Жібек жолы бойынша ЮНЕСКО жобалары аясында жүзеге асырылған қалпына келтіру жұмыстары»; Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы, материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі және сарапшысы Айжан Бекқұлова және «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының дизайнері және реставраторы Элина Алтынбекова «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің оюлы есігінің қайта жаңғыруы: консервациялау және қалпына келтіру» тақырыбында баяндамалар жасады.
«Ашық қалпына келтіру орталығының» ашылуы барысында Орталық музей қызметкерлері келесі бағыттар бойынша шеберлік сағаттарын ұсынды:
- Керамика бұйымдарды қалпына келтіру (А.М.Құрақбаев);
- Кілем және тоқыма бұйымдарын қалпына келтіру (Д.Ибраева);
- Киіз бұйымдарды қалпына келтіру (Мекебаева Г.);
- Киім және мата бұйымдарын қалпына келтіру (Перова О.);
- Металлдан жасалған бұйымдарды қалпына келтіру (Шайкенов Б.);
- Бейнелеу өнері туындыларын қалпына келтіру (Заманбекова Ш.).
«Ашық қалпына келтіру орталығының» құрылуы музейге деген қызығушылықты арттырып, музей көрермендерінің, мамандардың (қалпына келтіруші, өнертанушы, суретші, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері және т.б.), ғылыми қоғамдастықтың, сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мәселелеріне қызығушылық танытатын көпшіліктің назарын аударары сөзсіз.
Таныстырылым аясында бірегей экспонаттар – белгілі зерттеуші, өнертану ғылымдарының докторы, Орталық Азия мен Қазақстанның сәулет өнерін зерттеуші ғалым Лия Юлиевна Маньковскаяның Қожа Ахмет Ясауи кешенін қалпына келтіру жұмыстарына даярлаған сызбалары, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген суретшісі Молдахмет Сыздықұлы Кенбаевтың (1925-1993) Қожа Ахмет Ясауи кесенесі есігінің қарындашпен салған сызбасы ұсынылды.
Сондай-ақ шара барысында Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттеріне метал және керамика бұйымдарын қалпына келтіру бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.