Музыкамен кездесу кешінен қапы қалмаңыз!
20 қыркүйекте «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында елорда тұрғындары мен қонақтарына «Күзгі кездесу: виолончель әуені» ұмытылмас концерті ұсынылады. Виолончельші Мұса Керімбаев пен пианист Анара Камельинова қазақстандық және шетелдік классиктердің туындыларын орындайды, сондай-ақ алғаш рет тыңдармандардың назарына М.Керімбаевтың авторлық өңдеуіндегі Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» шығармасы таныстырылады.
— Қазақтың атақты күйші-композиторы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін бала кезімнен тыңдап, домбырада ойнайтынмын. Ол үйренуге де жеңіл, сонымен қатар құлаққа да жағымды өте әдемі шығарма. Өзім виолончель аспабының маманы болғаннан кейін «Ерке сылқымды» виолончельде ойнап көру бұрыннан ойымда болған. Сөйтіп, неге оны концерттерде орындамасқа деген ой туды. Шығарманы өңдеу кезінде негізгі түпнұсқаны сол күйі қалдырдым, себебі оны бұзуға болмайды, бірақ гармониялық жағынан өз талғамым бойынша сәл өзгертулер енгіздім. Алдағы концертте осы туындыны тыңдармандарға таныстырудың сәті түсіп тұр. Композицияның виолончельдегі нұсқасы барлық көрермендерге ұнайды деген сенімдемін, — деп пікірімен бөлісті Мұса Керімбаев.
Халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұса Керімбаев пен Анара Камельинова кештің мазмұнды бағдарламасына Ф.Шуберттің Виолончель мен фортепианоға арналған «Арпеджионе» сонатасын, С.Рахманиновтың Виолончель мен фортепианоға арналған сонатасын, соль минор және қазақ музыкасының классигі А.Жұбановтың құнды мұрасынан «Ария» пьесасын да қосты.
— Бағдарламада шырқалатын Ахмет Жұбановтың «Ариясы» және Франц Шуберт пен Сергей Рахманиновтың Виолончель мен фортепианоға арналған шығармалары мазмұны жағынан, әдемілігі мен техникасы жағынан өзіме қатты ұнайды. Айта кеткім келетіні, менің әрбір концертімнің репертуарлық қорында міндетті түрде Қазақстан композиторларының 2-3 шығармасы болады. Неге десеңіздер, мен өзіміздің композиторларымызды ұмытпай, олардың да шығармаларын дәріптеп жүруіміз керек деген қағиданы ұстанамын, — деп пікірін қосты виолончельші.
Сондай-ақ Мұса Керімбаев «Астана Опера» театрының Камералық залында бірнеше рет өнер көрсеткенін, бұл зал өзінің керемет акустикасының арқасында музыка ойнауға өте ыңғайлы екенін атап өтті.
Бұл жолы оның сахнадағы серігі дарынды пианист Анара Камельинова болады. Жарқын қазақстандық музыканттар көп жылдан бері таныс, олар – ізгі достар әрі әріптестер, дегенмен Анара Камельинова мен Мұса Керімбаев үшін бұл алғашқы бірлескен концерт болмақ.
— Мұса Керімбаев маған концертке қатысуға ұсыныс білдіргенде мен қуана келістім. Екеуіміз де бұл бағдарламамен жұмыс істеуге құштармыз, оған деген қызығушылығымыз зор және біз осы музыканы жақсы көреміз. Жоспарымыз іске асып, өз өнер көрсетуімізбен тыңдармандарға бар ойымызды, композитордың ойға алғанын жеткіземіз деп санаймын, — деді Анара Камельинова.
— Орындалатын барлық туындылар бірегей екенін, ал С.Рахманиновтың сонатасында фортепиано партиясы айтарлықтай күрделі және ол үлкен дайындықты қажет ететінін ерекше атап өткім келеді. Бұл шығарманы «шағын симфония» деп жиі атап жатады, оны көптен бері орындағым келіп жүрген, сондықтан бұл концертті тағатсыздана күтудемін. Ф.Шуберттің «Арпеджионе» сонатасына келсек, ол көне виолончельге арнап жазылған және мұнда виолончелистің дәулескерлігі мен шеберлігі айрықша маңызды. Ә.Желдібаевтың әдетте домбырада орындалатын «Ерке сылқым» күйінің жаңа редакциясының премьералық орындалуы үшін Мұса виолончель партиясының да, фортепиано партиясының да өңдеуін өзі жасады. Концерттің барлық бағдарламасы үшін үйлесімді ансамбль, екі партияның абсолютті бірігуі қажет, — деп қорытындылады пианист.
Концерттің басталуы 19.00-де.