Илья Бешевлимен бірге камералық атмосферада

21 қыркүйек «Астана Операда» композитор әрі пианист, заманауи музыка өнерінің жарқын өкілдерінің бірі Илья Бешевлидің концерті өтеді. Бұл кеште К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында эстрада мен классика арасындағы шекаралар жойылады.

Шығармашылығы классикалық музыканы ұнататын жандардың да, сондай-ақ танымал жанр жанкүйерлерінің де назарын аудартып жүрген Илья Бешевли бірінші нотасынан-ақ жүрек қылын қозғайтын таңғаларлық музыкалық композицияларды жасай біледі.

–Мен үшін ең бастысы – бұл әуен. Менің ойымша, жарқын әуен тыңдарманның жүрегіне жол тауып, музыканы қолжетімді әрі түсінікті етеді. Бәлкім, маған классика мен эстраданы біріктіруге мүмкіндік беретін осы шығар. Мен негізінен табиғаттан, саяхаттаудан, жақсы авторлық кино көруден және шығарманы жазу кезінде шыққан әсемдікке қайта қуанудан шабыт аламын, – деп атап өтті композитор И.Бешевли.

Ішекті аспаптар квинтетінің сүйемелдеуімен өтетін концерт бағдарламасында Илья Бешевлидің сан алуан композициялары шырқалады.

— Бұл жолы концерт бағдарламасын толығымен менің тыңдармандарым құрды. Нақтысын айтқанда, мен өзімнің әлеуметтік желілерімде пікір жазып, көпшіліктен алда болатын концерттерде менің композицияларымның қайсысын естігілері келетіндерін сұраған едім. Содан кейін барлық ұсыныстарды тізімге жинап, одан бағдарлама құрастырдым. Әрине, оған «Compassion», «Wind», «Night Forest», «Two Worlds» сынды көптеген пьесалар енді, оларсыз менің бірде-бір концертім өтпейді, — деді композитор пікірімен бөлісе отырып. Сондай-ақ ол көрермендерді оның жаңа альбомына енген туындылардың бірінің премьерасы күтетінін де қоса айтты.

Илья Бешевли кішкентай кезінен музыканы жанына серік еткенін айта кетуіміз керек. Ол сол кезде-ақ күй жазатын айрықша дарынын көрсете бастаған еді. Композитор Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында білім алып, сол жерде өзінің қабілетін жетілдірді және бірегей музыкалық стилін дамытты. Өзінің мансап жолында Бешевли бірқатар альбом шығарған. Оның музыкасы ірі концерттік алаңдарда шырқалады, сонымен қатар кинода және театрлық қойылымдарда пайдаланылады.

— Соңғы уақыттарда менің жұмысым бұрын жазылған нобайларды елеп-екшеуден басталып жүр. Олардың ішінде кейбіреулері мені қайтадан шабыттандырып, маңызды шығармашылық қуаныш сезімін оятады. Осындай күшпен нобай, құнарлы топырақтағы дән өсе бастайды. Мұндай процесс кезінде жаңа нобайлар туатын кездер де жиі болады, мен оларды келешектегі жұмыстарым үшін қалт жібермеуге тырысамын, — деп қорытындылады музыкант.

Концерттің басталуы 19:00-де.