Қонаевта Кроссфит алаңы қолданысқа берілді

Қонаевта жаңа спорт алаңы «Кроссфит» ашылды. Ашылу рәсіміне қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.

«Қалада спортқа қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортты дамыту үшін жылына жүздеген шаралар ұйымдастырылуда. Түрлі деңгейде чемпион атанып жүрген спортшыларымыз да көп. Аталған нысан ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз», — деді ол құттықтау сөзінде.

Аталған нысанда армрестлинг, үстел теннисі, стритбол, баскетбол, бокспен айналысуға болады. Жаттығуға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Балалар үшін музыкалық құралдар қойылған. Жасыл аймағы да бар. Жалпы аумағы 1,4 гектарды құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылған. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі. Алаңның құрылысы 10 айға созылды.

Мұнда тұрғындар спортпен тегін айналысады. Олар да ерекше алаңның ашылғанына дән риза.

«Кешке балаларымызды алып шығып, қыдыруға, демалуға болатын керемет алаң екен. Үлкендер спортпен шұғылданып жатқанда балалар жүгіріп, ойнауына бар жағдай жасалған. Әдемі, көрікті ғимараттар мен алаңдар көптеп салынса деген арманымыз бар», — деді Мақпал есімді тұрғын.

Салтанатты шарамен қоса, бүгін стритбол, соккербол, кросфиттен жарыс өтті. Оған 130-ға жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.