«Кемел Ақышев – Қазақстан археологиясының темірқазығы» көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылы 27 қыркүйек күні көрнекті ғалым, археолог Кемел Ақышевтің 100 жылдық мерейтойына орай Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты ұйымдастырған «Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясының көкжиектері мен парадигмалары» халықаралық симпозиумы аясында «Кемел Ақышев – Қазақстан археологиясының темірқазығы» көрмесін ұйымдастырды.

Көрмені  ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова ашып, отандық гуманитарлық ғылымның дамуына және әлемдік мәдениетке зор үлес қосып, музей қорын баға жетпес қазыналармен байытқан Кемел Ақышевтің тұлғасы бүгінгі ұрпақ үшін қашан биік екенін жеткізді.

Сонымен қатар, шара барысында тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев, Ұлттық Ғылым Академиясының  академигі, профессор Таймагамбетов Жәкен, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин және ғалымның қызы Зарина Кемалқызы сөз сөйлеп, Кемел Ақышевтің өмірі мен кәсіби жолы туралы мол ақпарат берді және естеліктерімен бөлісті.

Көрме музейдің археология, этнография, фотоқұжаттар қоры материалдары мен ғалымның ғылыми еңбектері – монографиялары, мақалалары, кітаптардан алынған иллюстрациялары негізінде құрылды және алты кешенмен көрсетілді.

І. Орталық Қазақстан археологиялық экспедицияларының, атап айтқанда К. Ақышев 1951-1952 жылдары басқарған Нұра экспедициясының Нұра, Шерубай-Нұра, Жақсы мен Жаман Сарысу өзендері аңғарларындағы қорымдардан жинаған материалдары;

ІІ. Іле археологиялық экспедициясының (1954 ж.) Жетісу аумағындағы үйсіндердің материалдық мәдениетін бейнелеуге, оның эволюциясын бақылауға мүмкіндік беретін ескерткіштерінен жинастырған материалдары;

ІІІ. Бесшатыр қорғанындағы жерлеу орнынан алынған Тянь-Шань шыршасының бірнеше бөренелері;

  1. 1956-1991 жылдардағы Жетісу археологиялық экспедициясының материалдары –сақтардың Сарытоғай қонысынан алынған материалдары (б.з. I-III ғғ.); 1985 жылы түсірілген қыстаулардың топографиялық жобалары, суару құрылыстары, су диірмендері, ірі тас блоктардан жасалған қоршаулардың суреттері; әртүрлі кезеңге жататын Сұлу Қоян қорымының қазба материалдары; 1982 жылдың көктемінде Шеңгелді ауылының шетінен анықталған XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген белгісіз Шыңғыс әулеті билеушісінің жерлеу орны;
  2. 1969-1976 жылдардағы Отырар археологиялық экспедициясының материалдары. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы ұйымдастырылып, 1971 жылы ҚазКСР ҒА Атом энергиясы институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып өзгертілді. Негізгі зерттеу нысаны – Отырар төбе қалашығы деп белгіленді. Ескерткіш аумағын аэрофототүсіру жұмыстары жасалып, бірнеше жерде археологиялық зерттеулер жүргізілген;
  3. К.А. Ақышевтің фотоқұжаттары мен жеке заттары. Қ.Ақышевтың өмірбаяны мен шығармашылық мұрасына байланысты – ғалым өміріндегі басты оқиғаларды бейнелейтін фотосуреттер, жеке заттары, құжаттары, медальдары, марапаттары мен дипломдары ұсынылды.

Көрменің ашылуына әлемнің 12 мемлекетінен келген ғалымдар мен археологтар және БАҚ өкілдері қатысты.