Отандық өнім өндірушінің тауарын сөреге қоюдан негізсіз бас тартқан гипермаркет ісі сотта қаралды
Маңғыстау облысында бөдене жұмыртқасын өндірумен айналысатын кәсіпкердің тауарын сауда сөресіне орналастырудан негізсіз бас тартқан ірі сауда желісіне қатысты іс өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Сот гипермаркет иесінің ісін заңсыз деп танып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 201 бабы бойынша жауапкершілікке тартып, 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Бөдене жұмыртқасын өндіретін маңғыстаулық кәсіпкер жыл басында гипермаркетке тауарын сауда сөресіне орналастыру үшін баға ұсынысын жолдаған. Алайда гипермаркет менеджері тауарды сөреге қоюдан негізсіз бас тартқан. Өңірлік департамент мамандары кәсіпкердің шағымы негізінде «Dina» гипермаркетіне жоспардан тыс тексеріс ашып, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 201 бабы (Сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда қызметі субъектілерінің тауарлар беру туралы шарт жасасудан негізсіз бас тарту, тауарларды сауда желілеріне немесе ірі сауда объектілеріне әкелуді шектеу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хаттама толтырды.
Гипермаркет әкімшілігі бұл шешіммен келіспей, Ақтау қалалық сотына шағымданған. Алғашында қалалық сот істі гипермаркет әкімшілігінің пайдасына шешіп, өңірлік сауда департаментінің қаулысының күшін жойған. Дегенмен Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров сот шешіміне келіспей, жоғары инстанцияға шағым қалдырған. Прокурор тауарды жеткізу шартын жасасудан жалтарып, істі қасақана созған сауда субъектісінің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы бар деп тапқан. 1 қазан күні облыстық сот «DinaMarket» ЖШС әрекетін заңсыз деп таныды.
Өңірлік сауда департаментінің басшысы Рауан Мұханов азық-түліктің 85% — ы сырттан келетін өңірде отандық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол ережеге сай сауда сөрелерінің кемінде 30%-ына отандық өнім өндірушілердің тауарын орналастыру қажет екенін еске салды.