Абай облысының оқушылары «Жұлдызай-2024» спартакиадасында 22 жүлделі орынды еншіледі

Абай облысының оқушылары «Жұлдызай-2024» республикалық ұлттық инклюзивті спартакиадасында өз өнерлерін көрсетіп, облыс намысын асқақтатып, жүлделі орындарды иеленді.

Командалық шағын футбол ойынында №4 және 5 арнайы мектеп-интернаты оқушылары Мержан Нұрахмет, Бекболат Абдулла, Арман Шакеров, Яровой Матвей, Жеңісов Руслан, Диас Әнуарбек тамаша өнер көрсетіп, ІІІ орынды қанжығаларына байлады.

Тоғызқұмалақ жарысында №3 арнайы мектеп-интернаты оқушылары Азиза Қадылбекова І орын, ал Ерасыл Тәттімбет ІІІ орын алды. Үстел теннисінен №5 арнайы мектеп-интернаты оқушысы Нұрай Қуатқызы чемпиондық атаққа ие болды.

Жеңіл атлетикадан да аймақ оқушылары үздік нәтиже көрсетті. 4х100 метрлік эстафетада №4 және 5 арнайы мектеп-интернаты құрамасы Нұрасыл Баймұратов, Мирас Серікқан, Сезім Есенқызы, Варвара Тананова ІІ орынға қол жеткізді. 30 метрге жүгіруде І орынды Анна Перменева, ІІ орынды Сергей Попов, ал Таисия Жданова мен Рамиль Мендыбаев ІІІ орындарға ие болды.

Сонымен қатар 60 метрге жүгіруде Майя Мұратова мен Галина Безруцкая алтын медаль, ал Амангелді Акошев пен Сергей Яковлев күміс медаль иеленді.

Боччадан да Абай облысының намысын қорғаған Кеңесқан Әлинұр І орынға қол жеткізді.

Спартакиаданың жабылу салтанатында жүлдегерлер мақтау қағаздары, медальдар және кубоктармен марапатталды. Айта кетейік, 1-5 қазан аралығында өткен республикалық кезеңге облыстан 25 оқушыдан тұратын команда жасақталды, олардың 22-сі арнайы мектеп-интернаттар мен ерекше балаларды қолдау орталықтарының тәрбиеленушілері.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі