Павлодар бала-бақшаларына азық-түлік жеткізуші ӘМАТ бағасын 300%-ға қымбаттатқан
Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде ӘМАТ бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кесті.
Жүргізілген мониторинг барысында бір ЖШС-нің өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-нің негізгі жеткізуші болғаны анықталды.
Мектепке дейінгі мекемелермен (бала-бақшалармен) жасалған шарттарда өндіруші зауытынан алған бағадан ӘМАТ-тың түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы: күнбағыс майы – 286% үстемақымен (453 тг/л-ден 1300 тг/л дейін), қарақұмық жармасы-150% (240 тг/кг-нан 600 тг/кг дейін), қант – 93% (325 тг/кг-нан 630 тг/кг дейін), тауық жұмыртқасы-79% (430 тг/онд-тан 770 тг/онд дейін), тұз-66% (60 тг/кг-нан 100 тг/кг дейін), күріш – 36 % (490 тг/кг-нан 670 тг/кг дейін), сары май – 22% (2075 тг/кг-нан 2550 тг/кг дейін).
Агенттік қабылдаған шаралардың нәтижесінде аталған ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жеткізушімен жасалған шарттар күшін жойды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде ӘМАТ жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісім-шарттар жасасу мәселесі қаралуда. Осылайша үнемделген қаражат сомасы 30 млн теңгені құрайды.
ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде Агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізуде.
Егер сіз экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз.
Анонимділікке кепілдік беріледі.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі