Жүктіліктің алғашқы белгілері қандай?
«Жүкті екенімді білмедім». Иә, әйелдердің мұндай сөзін жиі естіп жатамыз. Әйел құрсағына сәби біткенін қалай білмей қалады дерсіздер. Алайда, расымен де, білмеуі мүмкін. Себебі жүктіліктің алғашқы белгілері етеккір алдындағы белгілерге ұқсайды.
Жүкті екеніңізді қалай түсінуге болады?
Алдымен жүктіліктің акушерлік және эмбриондық мерзімі бар екенін түсіну керек. Біз олардың алғашқысы туралы сөз етпекпіз. Жүктіліктің акушерлік мерзімі соңғы етеккірдің бірінші күнінен бастап есептеледі. Жүктілік мерзімін осылайша анықтау жеңіл. Себебі аналық жасушаның жетілген және ұрықтанған уақытын анықтау қиынға түседі.
Жүктіліктің алғашқы белгілері етеккірге дейін байқала бастайды. Алайда болашақ аналар мұны етеккірмен шатастырады.
Жүктіліктің бастапқы кезеңінде мына белгілер байқалады:
- жүктіліктің 1-4 апталарында іштің төменгі жағы аздап ауырып, қан аралас зат бөлінеді;
- жүктіліктің 1-4 апталарында омыраудың сезімталдығы артып, тіпті, ауырады;
- жүктіліктің 1-6 апталарында әйелдің көңіл-күйі жиі өзгереді;
- жүктіліктің 4-аптасында етеккір келмейді;
- жүктіліктің 4-6 апталарында омырау ісініп, ұшы қараяды;
- жүктіліктің 4-6 апталарында жүрек айниды;
- жүктіліктің 4-6 апталарында жиі ұйқысы келіп, шаршайды;
- жүктіліктің 5-6 апталарында кіші дәрет жиілейді;
- жүктіліктің 5-6 апталарында бай айналады;
- жүктіліктің 5-6 апталарында әлсіздік пайда болады;
- жүктіліктің 6-аптасында дене температурасы өзгереді.
Іштің төменгі жағының ауыруы мен сұйықтықтың бөлінуі
«Көбі етеккір келер алдында іштің төменгі жағының ауыруы қалыпты жағдай деп ойлайды. Алайда жүктілікті жоспарлап жүрген болашақ аналар жүктіліктің алғашқы белгілері туралы айтқанда, бірінші кезекте дәл осы белгіні атайды. Және іштің төменгі жағы жаңа цикл басталатын уақыттан бір-екі күн бұрын емес, 5-7 күн бұрын ауыра бастайды», — дейді акушер-гинеколог Маргарита Халимова.
Анықталғандай, мұндай жағымсыз сезімдердің пайда болуына аналық жасушаның ұрықтанып, жетілгеннен кейінгі үшінші күнде жатырдың ішіне орналасуымен байланысты. Осы уақыттан бастап әйелдің организмінде физиологиялық өзгерістер басталады.
Жүктіліктің алғашқы үш аптасында әйелдің организмінде айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Кейде бөлінетін сұйықтық қоңырлау болуы мүмкін. мұндай белгі бастапқы кезеңдерде байқалады және көп жағдайда оны етеккірдің басталуымен шатастырады.
Омыраудың сезімталдығы артып, ауыруы
Бұл да етеккір алдындағы белгілердің біріне ұқсағанымен, омыраудың сезімталдығының артуы жүктіліктің бастапқы кезеңінің белгісі бола алады.
Десе де гинекологтардың сөзінше, жүкті әйелдерде омыраудың ауыруы анағұрлым қатты байқалады. Артынша организмнің гормондық өзгерістерге үйренуіне байланысты, омыраудың ауыруы басылады.
Көңіл-күйдің жиі өзгеруі
Жүктілік кезінде әйелдің организмінде гормондық өзгерістер болып, көңіл-күйге әсер етеді. Болашақ аналардың көбі аяғы ауыр кезінде сезімтал бола түсіп, тез жылап қалатынын байқайды. Олар бірде бойы күш-қуатқа толып, бақыттан басы айналып жүрсе, енді бір уақытта қатты шаршап, болмашы нәрсеге алаңдайды.
Әдетте мұндай белгі жүктіліктің 6-аптасында байқала бастайды. Десе де кейбірінде мұнан ерте болуы мүмкін.
Етеккірдің келмеуі
Болашақ аналардың дені етеккірдің әдеткі уақытында келмегенінен-ақ жүкті екенін түсінеді.
«Етеккірдің 1-2 күнге бөгелуі жүктілік тестін жасау керектігінің алғашқы белгісі бола алады. Алайда әйелдердің кейбірі суық тигеннің әсерінен цикл 28-35, тіпті 40 күнге дейін ұзаруы мүмкін деп ойлайды. Соның салдарынан жүкті екенін тек 5-6 аптада біліп жатады», — дейді акушер-гинеколог Маргарита Халимова.
Омыраудың ісініп, ұшының қараюы
Егер денеңізге мұқият мән берсеңіз, жүктіліктің 4-6 апталарында омырауыңыздың ұшы қарая бастағанын байқауға болады. Сонымен қатар бұл уақытта төстарқыш та денеңізді қыса бастауы мүмкін.
Әйелдердің көбінде бұл белгілер жүктіліктің соңғы кезеңдерінде ғана байқалады.
Жүректің айнуы
Жүктіліктің 4-6 апталарында кейбір әйелдердің үнемі жүрегі айнуы мүмкін. Әдетте жүректің айнуы жүктіліктің алғашқы төрт айында басылады.
Гинекологтар жоспарлы тексеру кезінде бұл белгі туралы міндетті түрде айтуға кеңес береді. Себебі жүректің айнуы жүкті әйелдер үшін қалыпты жағдай болып табылмайды. Көбіне бұл басқа аурулардың белгісі болуы мүмкін.
Егер жиі жүрегіңіз айнып, құссаңыз, организміңіздегі суды қалпына келтіру үшін, су ішуді ұмытпаңыз.
Ұйқышылдық пен шаршау
Қазір кімнің ұйқысы келіп, шаршамайды. Алайда бірер күн демалғаннан кейін, шаршағаныңыз басылады. Егер мұнан кейін де шаршап, түнде ғана емес, күндіз де ұйқыңыз келе беретінін сезінсеңіз, ойлана бастағаныңыз жөн. Егер осы белгілерден кейін етеккіріңіз уақытында келмесе, дәріханада жүктілікті анықтау тестін алғаныңыз жөн.
Кіші дәреттің жиілеуі
«Жүкті әйелдердің дені мұндай белгі жүктіліктің 3-інші кезеңінде болады деп ойлайды. Алайда жүктіліктің алғашқы апталарында жатыр үлкейе бастап, қуықтың артқы жағын тітіркендіреді. Соның салдарынан кіші дәрет жиілейді», — дейді акушер-гинеколог Маргарита Халимова.
Бас айналуы
Жүктіліктің бастапқы кезінде болашақ аналардың қан қысымы жиі төмендейді. Соның салдарынан басы айналуы мүмкін. Әдетте мұндай жағдай оқыс қозғалғанда немесе дене қалыбын өзгерткенде болып жатады.
Қан қысымының төмендеуі – алаңдауға себеп емес. Ал жүктіліктің бастапқы кезеңінде қан қысымының жоғарылуымен ойнауға болмайды. Егер қан қысымыңыз жоғарыласа, міндетті түрде дәрігерге айтыңыз. Себебі бұл денсаулығыңыздағы қиындықтардың белгісі болуы ықтимал.
Әлсіздік
Кейде жүкті әйелдер қан қысымы төмендеп, басы айналуымен қатар, әлсіздікті сезінеді. Болашақ аналарға күнделікті жасап жүрген жұмыстарын атқару қиындай түседі. Ал демалыс аз уақыт қана көмектеседі.
Дене температурасының өзгеруі
Болашақ ананың денесінің температурасы әдеттегі 36,6 градустан жоғары болуы мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Әдетте дене температурасының өзгеруі 14-аптада қалпына келеді. Алайда дене қызуының жоғарылауы қандайда бір аурудың себебінен болса, міндетті түрде емделу керек.
Жүктіліктің бастапқы кезеңіндегі кез келген ауру балаға қатер төндіруі мүмкін.
Жүкті екеніңізді қалай анықтауға болады
Егер бойыңыздан жоғарыда аталған белгілердің бірін немесе бірнешеуін байқасаңыз, жүктілікті анықтау тестін сатып алғаныңыз дұрыс. Егер ол оң нәтиже көрсетсе, құттықтаймыз, сіз жүктісіз!
«Бұл ретте сақтық үшін, хорионды гонадотропинге анализ тапсырып көруге болады. Оны кез келген зертханада жасайды. Ал нәтижесін бірнеше сағат ішінде алуға болады», — дейді акушер-гинеколог Маргарита Халимова.
Жүктілікті анықтаудың үшінші әдісі – УДЗ. Гинекологтар жатырдан тыс жүктілікті анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеуден өтуге кеңес береді. Егер ұрық жатырдан тыс бітсе, ота жасатуға тура келеді. Алайда оны ерте бастан анықтасаңыз, салдары ауыр болмайды.
Жүктіліктің бастапқы кезеңінде не істеу керек
Жүкті екеніңізді білген бойда гинекологқа барғаныңыз жөн. Ол сізді жүктілік бойынша тіркеуге алып, тиісті анализдер мен дәрумендерді тағайындайды. Сонымен қатар алдағы 9 ай ішінде жасауыңыз керек әрекеттердің жоспарын, не істеуге болатынын және болмайтынын түсіндіреді.
Егер қандайда бір себептерге байланысты гинекологқа баруға мүмкіндігіңіз болмаса, жүктілік кезінде тыйым салынған заттарға назар аударыңыз:
- ішімдік;
- дәрігердің кеңесінсіз антибиотик қабылдау,
- ыстық ванна;
- ауыр зат көтеру;
- күйзеліс, уайым;
- ішекте ашу процесін тудыратын өнімдер;
- шылым шегу.
Сонымен қатар суық тигізбеуге, инфекция, тұмау жұқтырмауға тырысыңыз.
Ал төменде аталғандарды жиі жасағаңыз абзал:
- қол мен аяққа арналған босаңсытатын ванналар;
- тынығу;
- жүктіліктен ләззат алу;
- бақыт гормонын арттыру үшін, сүйікті фильмдерді көріп, кітап оқып, таза ауада серуендеу;
- иммунитетті нығайту;
- өзіңізді және құрсағыңыздағы сәбиіңізді қорғау.
Дайындаған: Нурпейсова Г.М., Сагымбекова. Б