DAR University қазақстандық әлеуметтік осал топтардағы жастарға арнап 30 грант бөлді

Студенттер IT саласындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша күзгі лекке қабылданып, оқуын бастады.

Бұған дейін DAR U өздігімен оқуға арналған START онлайн курстарына 1000 грант ұсынған еді, ал 2024 жылдың жазында алғаш рет IT мамандықтарын меңгеруге арналған гибрид бағдарламаларға 30 тегін орын бөлді.

Үміткерлерді анықтауға әкімдік пен бірнеше университет көмектесіп, лайық кандидаттар тізімін ұсынды. Іріктеу екі кезеңнен тұрды: біріншісінде мотивациялық хат жазу керек болса, екінші кезеңде DAR U өкілдерімен сұхбат жүргізілді. Осылайша 101 адам хат жіберіп, олардың 58-і сұхбаттасуға шақырылды. Конкурс комиссиясы қатысушылардың оқу бағдарламасын сәтті өтуіне қажет мотивация мен әлеуетін ескерді.

Кандидаттар жазған хаттарында көбіне сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, мансап жолын тезірек бастауды көздейтінін айтқан. Осылайша, олар материалдық жағдайын жақсартуға ғана емес, отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуге ұмтылады екен.

Конкурс нәтижесінде DAR U-да оқуға 30 финалист мүмкіндік алды. Олардың басым көпшілігі — көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасылардан шыққан жас қазақстандықтар. Сонымен қатар, грант иегерлерінің ішінде ауыл мектебін бітірген 2 түлек те бар.

«Биыл қазақстандық жастарға грант бөлуге мүмкіндік туып отырғанына қуаныштымыз. Біздің елде тегін білім алғанының арқасында биік белестерді бағындыра алатын жастар көп. Алдыңғы лектердің тәжірибесіне сүйенсек, жаңа білім мен машықтар түлектерімізге IT саласында табысты мансап жасауға көмектеседі. Демек, күзгі лек түлектерінің де сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, IT саласында лайықты табыс табуға мүмкіндігі мол», – деп атап өтті DAR University операциялық директоры Гүлиза Бөлекбаева.

Айта кету керек, финалистердің бір бөлігі IT мамандықтарында білім алып жатыр. Олардың ішіндегі IT-де бэкграунды бар студенттерге арналған PRO деңгейіндегі бағдарламалар қарастырылған. Бұл бағдарламалар білімдегі олқылықтардың орнын толтырып, жаңа кәсіби деңгейге өтуге көмектеседі.

Бағыттар бойынша бөлетін болсақ, ең танымал мамандықтар WEB (Junior) және Бизнес-аналитика болды. Олардың әрқайсысына 9 студенттен қабылданды. WEB (PRO) бағдарламасына 2 финалист түсті. Тағы 5 студент Java (Junior) мамандығы бойынша оқып жатыр. Ал 1 студент Java (PRO) бағдарламасына қабылданды. UI/UX дизайнерлері (Junior) бойынша 4 грант иегері оқуын бастады.

4-6 айға созылатын курстар аяқталғаннан кейін студенттер өз IT-жобаларын MVP деңгейінде жасайды. Мамандығына қарай олар өз портфолиосында көрсете алатын практикалық тәжірибе жинайды. Сонымен қатар, DAR U студенттерді IT компаниялардағы сұхбаттардан өтуге үйретіп, junior позицияларға жұмысқа орналасуға көмектесетін мансап орталығын дамытып жатыр.