Мейіржан Шермахамбет пен Евгений Поливадов әлем чемпионатында жеңіліп қалды
Албания астанасы Тиранада басталған күрестен Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионатында Ұлттық құраманың 2 өкілі қарсыласына жол берді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Азия чемпионы (2022 ж), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2018 ж, 67 кг) Мейіржан Шермахамбет 72 кг дейінгі салмақта сынға түсіп алғашқы белдесуінде Айк Хлоянның мықтылығын мойындады.
Өкінішке қарай, армениялық 1/8 айналымда француз палуанынан ұтылып қалды. Шермахамбет ертең жұбаныш белдесуіне қатыса алмайды.
Евгений Поливадов (82 кг) 1/8 айналымда өзбекстандық қарсыласына есе жіберді. Егер біраздан соң Жалғасбай Бердімұратов 82 кг дейінгі салмақта финалға шықса, Поливадов ертең жұбаныш белдесуіне қатысады.
Ал Исхар Құрбаев (55 кг) пен Ержет Жарлықасын (63 кг) ширек финалда күреседі.
Фото: Шамкен Байырбек