«Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» жас патриоттар форумы өтті
Абай облысында «Егемен елдің ертеңі – Жас сарбаз» облыстық жас патриоттар форумы және «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойыны басталды.
ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Семей қаласындағы филиалында өткен форумға Абай облысының күш құрылымдары, білім басқармасы мамандары мен бөлімдерінің әдіскерлері, «Жас сарбаз» сыныптары мен әскери-патриоттық клуб жетекшілері, жас патриоттар қатысты.
Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нускенова облыстың білім беру ұйымдарындағы әскери-патриоттық клубтардың қызметіне тоқталып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге атсалысқан барлық ұйымдарға алғыс білдірді. Форумда облыстағы «Жас сарбаз» сыныптары мен әскери-патриоттық клубтарды дамытуға үлес қосып жүрген ұстаздар мен жетекшілер марапатталды. «Айбын» әскери-патриоттық жиынында ерекше көзге түскен жеңімпаздар да құрметке ие болды.
Форум барысында қатысушылар әскери құрылымдардың көрмесін тамашалап, «Даңқ» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының мұражайларымен танысты, әскери бөлімге экскурсия жасады. Сонымен қатар «Отаныма қызмет етемін» мерекелік концерт ұйымдастырылып, патриоттық әндер орындалды.
Жастардың әскери-патриоттық рухын көтеруге бағытталған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей интернатында «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойыны өтеді. Бұл ойында 15-16 жастағы оқушылар саптық дайындық, автоматты бөлшектеу және жинақтау, әскери кросс, белтемірге тартылу сияқты түрлі сайыстарда бақ сынасады.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте жеңімпаз командалар дипломдармен және кубоктармен, жеке сайыс жеңімпаздары медальдармен марапатталады.
Абай облысының білім беру ұйымдарында 234 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді, оларға 5187 оқушы қатысады. 33 мектепте 900-ден аса оқушы қамтылған 59 «Жас сарбаз» сыныптары, 28 колледжде 800 студент қатысатын әскери-патриоттық клубтар бар. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық бойынша 10-11 сыныптарда 12 мың оқушы және колледжерде 6407 студент қамтылған.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі