Әскери ант – Отанға адалдық кепілі
Еліміздің шығысы мен батыстағы өңірлерінде жас шекарашы сарбаздар қолдарына алғаш рет қару ұстап, Отанына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Ал осынау маңызды сәтті өз көздерімен көріп, ер-азаматтарының өміріндегі маңызды сәтке куә болу үшін алыстан олардың ата-әже, әке-шеше, туған-туыстары мен достары келді.
Сондай шаралардың бірі, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби-даярлық бөлімінде өтті. Жас жауынгер сынын сәтті еңсерген 500-ден аса жас сарбазды департамент бастығы полковник Ә.Каюпов, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы отставкадағы генерал-лейтенант Б.Сәрсеков, Қазақстан Республикасы Мас-Рестлинг (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев, запастағы полковник Д.Мамырханов бастаған шекарашы ардагерлер қатысып, оларды шекарашы атануларымен құттықтады.
ҰҚК Шекара қыметінің әлеуметтік желідегі ресми сайты арқылы республика жұртшылығы тікелей эфирден тамашалаған рәсімнің жоғары деңгейде өткенін, әсіресе ұландарының қуанышына ортақтасуға асыққан ата-аналардың қуанышты жүздерінен байқауға болады. Солардың бірі, 75 жастағы Б.Дүйсеғалиева тұңғыш немересінің қуанышына ортақтасу үшін Батыс Қазақстан өңірінен келіпті. Ортаға шығып, ант қабылдауға кіріскен немересіне мейірлене қарап тұрған тағы бір әжейді көзіміз шалып қалып, осынау көңіл толқытарлық сәтті суретке түсіріп алуға асықтық…
Осылайша, шара кезіндегі әрбір сәтті назарға тыс қалдырмауға тырысқан біз арасында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігін басқаратын Бексұлтан Сәрсекұлын сөзге тартқан едік.
– Бүгін ерекше күн! Жас сарбаздар ант қабылдап жатыр. Тәуелсіз елдің шекарасын қорғайтын да осы жастар. Аға буын атынан айтарым, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған ұлан-ғайыр жеріміздің әрбір сүйемін көздеріңнің қарашығындай қорғаңдар. Халқымыздың өздеріңе артқан сенімдерін ақтаңдар, – дейді өзінің саналы ғұмырын еліміздің қауіпсіздігіне арнаған сардар.
Айту керек, бүгін «Срочник 2.0» бағдарламасына қатысқан «Күз-2023» шақырылымының екі сарбазы, қатардағы жауынгерлер А.Артықжанов пен Е.Тілеубекке департамент бастығы полковник Әлібек Каюпов сертификат тапсырды. Бұл сертификаттар қос шекарашының еліміздегі өздері таңдаған жоғары оқу орындарында білім алуға берілген жолдама. Сондай-ақ, бүгінгі шара кезіндегі тағы бір айшықты оқиға, жақында оқу орталығында өткен «Таяқ тарту» сайысының жеңімпазы атанған бірнеше сарбазды ҚР Мас-Рестлинг (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев мақтау қағазы және медалмен марапаттады.
Әрі қарай, шара шекара басқармасының арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының жауынгерлік ұрыс қимылдарына арналған сахналық көріністеріне ұласты. Отанын қорғау үшін оттан да, судан да тайсалмайтын сайыпқырандардың саптық алаңдағы әбжіл қимылдары олардың алдыңғы шепте жүрер алдаспан жасақ, әскер элитасы екенін паш етіп тұр. Сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының кинологтары жұртшылықтың алдында шеберлік дәрісін паш етті. Иесінің әрбір бұйрығын қалт еткізбей орындаған шекарашы иттердің өнері көпшілікті тәнті етпей қойған жоқ.
Міне, жас азаматтардың өміріндегі маңызды сәттердің біріне айналған ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздар ата-ана, туған-туыстарымен қауышып, мәре-сәре болған. «Шекарашы болдым, мінеки» деген мақтанышты жүздерінен «жасыра» алмаған болашақ ел қорғандары да осынау сәтті қалай асыға тосты, десеңізші?!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі