Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті: Білім мен ғылымдағы көшбасшылыққа 90 жыл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің білім мен ғылым саласының өркендеуі мен жаңғыруының айқын айғағы, тарихы мен тағдыры, ел дамуымен тығыз байланысты киелі қарашаңырақ. Бұл оқу ордасы-сан ғасырлық мәдениет пен білімнің алтын арқауын жалғап келе жатқан шоқ жұлдыздай жарқырап тұрған орын. ҚазҰУ — тек білім мен ғылымның мекені ғана емес, сонымен қатар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, болашаққа бағыт түзейтін ойшылдар мен ілім іздеушілердің рухани мектебі. Өз шәкірттеріне тек қана кәсіби білім емес, рухани және мәдени құндылықтарды да ұсынып, білім мен ғылымның ұлы көшінде зор үлес, болашаққа деген нық қадам, өшпес із қалдыру үшін қаншама ұлағатты ұстаздардың тер төккен ордасы.

1934 жылдың 15 қаңтарында негізі қаланған университеттің бүгінде 90 жылдығы атап өтілмекші. Алғашқыда бар болғаны 54 студентпен басталған ҚазҰУ-і қазіргі таңда 29 мыңнан астам студентке білім беретін алпауыт білім ордасына айналды. Студенттер арасында 4200-ге жуық шетелдік білім алушылар да бар, бұл университеттің халықаралық деңгейде жоғары беделге ие екенін дәлелдейді. ҚазҰУ-дың факультеттер саны екіден 16-ға дейін артып, алғашында тек 14 білім бағдарламасы болса, бүгінде 530-дан астам білім беру бағдарламасын ұсынып отыр.
ҚазҰУ өзінің даңқты жолында сапалы білім мен ғылыми жұмыстарымен бүкіл әлемге танылды. Әлемнің ең танымал және беделді университеттер рейтингтерінің бірі QS World University Rankings рейтингісіне кіретін 1500 университеттің ішінен 163- орынға аяқ тіреді. Осылайша ҚазҰУ – Қазақстан және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы және жалғыз университет атанды. Бұл ҚазҰУ-дың білім беру мен ғылым саласындағы жоғары стандарттарына сай, халықаралық деңгейде беделі жоғары және түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болатынын көрсетеді. 2025 жылғы Азияның үздік университеттері – QS Asia University Rankings 2025 рейтингінің нәтижелері бойынша ҚазҰУ 29-орынға ие болды. Университетіміздің тағы да салмақты жетістіктерінің бірі Academic Ranking of World Universities — European Standard (ARES) жүйесі бойынша «АА+» бағасын алып, Еуропаның үздік университеттерімен қатар орналасты.
Осылайша ҚазҰУ тек Қазақстанның ғылыми және білім саласындағы үлкен жетістіктерінің символына айналып қана қоймай, бүкіл Орталық Азиядағы ең беделді және әйгілі жоғары оқу орындарының бірі болды.
ҚазҰУ үшін халықаралық ынтымақтастық маңызды бағыт болып табылады. Бүгінде университет 650-ден астам жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу ұйымдарымен байланыс орнатқан. Университет әр түрлі елдерде филиалдар ашып, шетелдік студенттермен ынтымақтастықты нығайтуда. Соңғы жылдары университет Стамбул мен Бішкекте филиалдар ашып, Қытайдың жетекші университеттерімен серіктестік орнатты. Бұл университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнының нығаюына, студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
ҚазҰУ 90 жылдық мерейтойына орай көптеген маңызды жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. 2024-2027 жылдар аралығында университеттің екінші кезеңі бойынша құрылысы басталатын болады. Жаңа оқу корпустары, заманауи студенттік жатақханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен спорт кешендерінің салынуы студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ғылым мен білім саласындағы жұмыстың сапасын арттырады.
ҚазҰУ өзінің зерттеу университеті ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайту мақсатында Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру, робототехника мен жаңа материалдарды өндіру саласында стартаптарды қолдау және әлемдік деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізу жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұның бәрі университеттің болашақтағы ғылыми жетістіктеріне, сондай-ақ Қазақстанның индустриалды және инновациялық дамуындағы орнына үлкен әсер етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы – тек өткен жетістіктердің қорытындысы ғана емес, жаңа мақсаттар мен биік белестерді бағындыру жолындағы тағы бір қадам. Университет әлемдік білім беру талаптарына сай жұмыс істеп, инновацияларды енгізіп, білім сапасын арттырып, ғылым мен технологиялар саласында алдыңғы қатарда болуды көздейді. ҚазҰУ өзінің бай тарихымен, білікті оқытушылары мен болашағынан үміт күттіретін түлектерімен мақтанады және еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға, халықаралық аренада жаңа жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылады.

Қонысбай Б.М.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының PhD докторы
Куандыкова Э.С.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы
Альменбетова Т.А.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы