Әлеуметтік әділеттілік – басты басымдық
Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Жанна Сююмбаева елордада атқарушылық өндірістер мен алименттерді өндіру бойынша жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті. Бұл тақырып балалардың әл-ауқатына әсер ететін әлеуметтік маңызға ие.
Атқарушылық өндірістер: сандар мен міндеттер
2024 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша Астана қаласының атқарушылық округінде 714 275 атқарушылық іс тіркелген. Оның ішінде 318 207 құжат аяқталған, ал 170 976 іс нақты орындалған. 396 068 іс орындалу сатысында тұр.
«Әділет департаментінің басты міндеттерінің бірі – 2023-2027 жылдарға арналған Әділет министрлігінің Стратегиялық жоспарының негізгі мақсатты индикаторларына қол жеткізу. Бұл үшін қатаң бақылау ғана емес, жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдері қажет», — деп атап өтті Жанна Серікқызы.
Алименттерді өндіру: мәселелер мен жетістіктер
Астанада алименттерді өндіруге қатысты шамамен 21 мың атқарушылық құжат қаралып жатыр. Оның ішінде үш айдан асып кеткен қарыздарға қатысты 2 мың құжат бар. Олардың жалпы сомасы шамамен 1,9 млрд теңгені құрайды.
Алимент төлеуден жалтарумен күресу мақсатында Астана қаласының Әділет департаменті Астана қаласының Полиция департаментімен, қалалық жеке сот орындаушалырының өңірлік палатасымен бірлесе отырып, «Борышкер» атты рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді. Бұл шаралар балалардың ата-аналары тарапынан қамқорлық алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Алимент төлемдерін төлемей, жалтарып жүрген немесе табыс көздерін жасырып жүрген әкелерден өз балаларына тиесілі қаражатты өндіріп беру болып табылады.
«Жыл басынан бері рейд барысында 104 автокөлік ұсталды, оның ішінде алимент қарызы бар 52 автокөлік коммуналдық айып тұрағына қойылды. Жалпы өндірілген сома 67 млн теңгені құрады. Қазіргі таңда ұсталынған автокөліктерді жеке сот орындаушылармен бағалау, және сауда-саттыққа шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді департамент басшысының орынбасары.
Борышкерлерді қолдау: жұмысқа орналастыру жәрмеңкелері
Әділет департаменті қала әкімдігімен бірлесіп, борышкерлер үшін ай сайын жұмыс жәрмеңкелерін ұйымдастырады. 2024 жылы аталмыш іс-шараның арқасында 136 борышкер жұмысқа орналастырылып, алимент бойынша қарыздарды толық немесе ішінара өтеді.
«Біз тек қарызды өндірумен ғана шектелмейміз, қарызданушыларға берешегін өтеу үшін жұмыс орындарын ұсыну арқылы оларға мүмкіндік жасаймыз», – деп атап өтті Жанна Сююмбаева.
Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары
2024 жылдың басынан бері алимент өндіру туралы сот шешімдерін орындамағаны үшін 163 қарызданушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 39-ы екі тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алынса, қалғандарына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Биыл алимент төлеуден әдейі жалтарғаны үшін 8 қарызданушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деді.
Әлеуметтік әділеттілік – басты басымдық
Астанада алименттерді өндіру бойынша жұмыстар жүйелі және көп қырлы сипатқа ие. Бұл шаралар тек балалардың құқықтарын қорғауға ғана емес, сондай-ақ ата-аналарына өз міндеттерін орындауға бағытталған.
Жанна Сююмбаева мұндай кешенді тәсіл алимент өндіру мәселесін жақсартуға және қоғамдағы шиеленісті төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.
«Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету – тек мемлекеттің міндеті ғана емес, әрбір ата-ананың жауапкершілігі», – деді Жанна Сююмбаева өз сөзін қорытындылап.