Қазақстан мен Иран СІМ басшылары екіжақты қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады
Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысы алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен екіжақты кездесу өткізді.
Қазақстан саяси ведомствосының басшысы екіжақты сауда ынтымақтастығын жандандыруға және осы бағытта нақты шараларды әзірлеуге ерекше назар аударды. Осы тұрғыда ол Астана мен Тегеран арасындағы экономикалық қатынастарға жаңа серпін беретін Иранға жоспарланған жоғары деңгейдегі алдағы сапарлар туралы айтты.
Өз кезегінде А. Аракчи аса жоғары және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдерді іске асыру үшін екі елдің үлкен әлеуетін толық пайдалануға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында министрлер көлік-логистика саласындағы және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестірді».