Тұрақты қалалар мен қоғамдастықтарды дамытуға қадам
ҚазҰУ студенттері ТДМ 11 мақсаттарын талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультеті қылмыстық құқық қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында өткізілетін іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл мақсат әлемдегі урбанизацияның қарқынды өсуімен байланысты мәселелерді шешуге бағытталған. Тұрақты қалалар құру – заманауи қажеттілік әрі болашаққа салынған инвестиция. Жуырда университет студенттері ТДМ 11 – “Тұрақты қалалар мен қоғамдастықтар” тақырыбында пікірталас өткізді. Бұл шара қала өмірін жақсарту, тұрақты инфрақұрылым қалыптастыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылауға арналды. 2050 жылға қарай әлем халқының шамамен 70%-ы қалаларда өмір сүреді деп болжануда. Урбанизацияның өсуі тұрғын үй жетіспеушілігі, ауаның ластануы, көлік кептелістері, су және энергия ресурстарының тапшылығы сияқты проблемаларды туындатады. ҚазҰУ студенттері осындай өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстандағы және әлемдегі қала инфрақұрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Студенттер Қазақстан қалаларындағы экологиялық проблемаларды, соның ішінде ауаның ластануы, көлік кептелістері және жасыл аумақтардың жетіспеушілігін талқылады. Олар экологиялық тұрақтылықты арттыру үшін келесі ұсыныстар айтты: қалалық аумақтарды көгалдандыруды күшейту; қоғамдық көлік жүйесін дамыту арқылы жеке автокөліктерді азайту; қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату бойынша бағдарламаларды жетілдіру. Пікірталаста заманауи және экологиялық тұрақты инфрақұрылым қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Студенттер жаңа технологияларды қолдану арқылы “ақылды қалалар” құрудың артықшылықтарын атап өтті. Қатысушылар Қазақстандағы тұрғын үй саясатына назар аударып, қалалық аудандарда қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жолдарын талқылады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үй бағдарламаларын жақсартуды ұсынды. Талқылау барысында студенттер қала өмірінің маңызды бөлігі саналатын мәдени және тарихи мұраларды сақтау мәселесін көтерді. Олар ескі ғимараттарды реставрациялау және ұлттық мәдениетті дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Қазақстанда урбанизация қарқынды дамып келеді. Елдегі ірі қалалар – Алматы, Астана, Шымкент – урбанизация процестерінің орталығы болып табылады. Тұрақты қала құру мақсатында мемлекет бірнеше бағытта жұмыс істейді:
«Жасыл қала»жобалары: Алматы мен Астана сияқты қалаларда жасыл белдеулер қалыптастырылып, экологиялық жағдай жақсартылуда. Тұрғын үй бағдарламалары: халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ақылды қала технологиялары: Астана мен Алматыда смарт-технологиялар енгізіліп, көлік жүйелері мен қоғамдық қызметтерді оңтайландыруда. Кафедра студенттері өткізген бұл талқылау ТДМ-11 мақсаттарына жету жолында жаңа идеялар мен бастамалардың маңызды алаңына айналды. Іс-шара тек теориялық біліммен шектелмей, нақты жобалар мен шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік берді.Студенттер өз пікірлері мен ұсыныстарын жергілікті билік органдарына, сондай-ақ ҚазҰУ-дың тұрақты даму жөніндегі бастамаларына енгізуді жоспарлап отыр. Бұл талқылау – жас ұрпақтың елдің тұрақты дамуына қосқан нақты үлесінің айқын мысалы.
Г.Н.Мұхамадиева,
Ә. М.Ерғали,
О.Н.Тілепбергенов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессорлары