«Сапалы білім – сапалы өмірдің кепілі»
Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның тұрақты дамуы үшін ең негізгі тетіктердің бірі – білім беру сапасы. Еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, сапалы білім беру тек жеке тұлғаның емес, тұтас мемлекеттің дамуына негіз бола алады. Ал сапалы білім алған түлек – ертеңгі күні өз ісінің шебері, кәсіби маман ретінде ел экономикасы мен мәдениетін өркендетуге үлес қосушы.
Сапалы білім – жеке тұлғаның интеллектуалдық, әлеуметтік және рухани дамуының негізі. Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесі тек теориялық біліммен шектеліп қалмай, практикалық дағдыларды да қалыптастыруы тиіс. Себебі, теория мен практиканың үйлесімі ғана түлектің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді. БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. ТДМ-ның 4-мақсаты: «Сапалы білім беру» барлық деңгейде инклюзивті, әділ және сапалы білім беруді қамтамасыз етіп, өмір бойы оқу мүмкіндігін ілгерілетуді көздейді. Қазақстанда бұл мақсатты іске асыруда жоғары оқу орындарының рөлі зор, әсіресе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің үлесі ерекше.
Білім беру саласында сапалы түлекті қалыптастыру үшін оқу орындары бірнеше маңызды мәселеге баса мән беруі керек:
- Инновациялық технологияларды қолдану – Жаңа технологиялар білім беру процесін жетілдірумен қатар, білім алушылардың қызығушылығын арттырады. Мәселен, цифрлық білім беру платформалары, виртуалды зертханалар, интерактивті сабақтар оқушыларға материалды жақсы меңгеруге көмектеседі.
- Практикалық білімді жетілдіру – тек теориялық біліммен шектелу қазіргі заманғы талаптарға сай емес. Студенттерге нақты практикалық жағдайларда білімдерін қолдану мүмкіндігін беру маңызды. Бұл түлектің жұмыс орнында өз білімі мен дағдысын тиімді пайдалануына жол ашады.
- Жеке тұлғаға бағытталған оқыту – әрбір білім алушыны студенттің қабілетін анықтап, оны дамытуға жағдай жасау керек. Бұл оқыту процесінің сапасын арттырып қана қоймай, тұлғаның кәсіби жетілуіне де ықпал етеді.
Сапалы білім нәтижесі – еңбек нарығында сұранысқа ие, жоғары білікті маман. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сапалы мамандар тек кәсіби салада ғана емес, жалпы қоғамда оң өзгерістерге ықпал ете алады. Сондықтан сапалы түлек даярлау – елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына тікелей әсер ететін маңызды міндет. Қазақстанда бұл бағытта бірқатар бастамалар қолға алынған. Мысалы, «Жас маман» жобасы аясында еліміздің колледждері мен университеттерінде техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыруға ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламалары жасалып, шетелдік тәжірибелер енгізілуде.Сапалы білім беру – қоғамның басты міндеті. Сапалы білім алған түлек – өз елінің нағыз патриоты, болашағынан зор үміт күттіретін маман. Бұл үрдісті үздіксіз дамыту арқылы біз еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағына сенімді қадам жасай аламыз. Тек білімге құштарлық пен адал еңбек қана жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Дарханова С.Д.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік
құқық кафедрасының оқытушысы