ЕҚДБ Қазақстанға жылдық инвестициясын үш еседен астамға ұлғайтады

2024 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанға жылдық инвестициясын үш еседен астам ұлғайтып, құны 913 миллион еуро (935 миллион АҚШ доллары) болатын 25 жобаға қол қойды. Қызметі Париж келісіміне толығымен сәйкес келетін елдің ең ірі жасыл қаржыландыру несие берушісі инвестициясының 61 пайызын жасыл экономика жобаларын қолдауға салды.

Қазақстандағы ЕҚДБ қаржыландыратын бірқатар жобалар елдегі және Орталық Азиядағы осындай алғашқы жобалар болды:

• Банктің Ақтөбе қаласындағы жаңа ағынды суларды тазарту қондырғысы мен ілеспе инфрақұрылымын салуға 96,4 миллион еуроны құрайтын тәуелсіз несиесі бүгінгі күнге дейін ЕҚДБ Орталық Азиядағы ең ірі муниципалдық жобасы болды.
• Әлеуметтік инфрақұрылым секторында ЕҚДБ Қазақстан мен Орталық Азиядағы бірінші ірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобасын қолдады. Ол Көкшетау қаласында 630 төсек-орындық көпсалалы аурухананы салу және пайдалану үшін алты қаржы институтынан 365 миллион еуроға қаржыландыру пакетін ұйымдастырды.
• ЕҚДБ Орталық Азиядағы маңызды шикізат секторында жұмыс істейтін компанияға алғашқы тікелей инвестициясын жасады. Қарағанды облысындағы графит кен орындарын барлаумен айналысатын Австралия қор биржасында тіркелген Sarytogan Graphite Limited компаниясының 17,36% акциясы сатып алынды.
• Сонымен қатар Банк Air Astana ұлттық тасымалдаушысының акцияларына 42 миллион АҚШ долларын (38,1 миллион еуро) инвестициялады, бұл елдегі акцияларды бастапқы орналастыру арқылы ішінара жекешелендіруді қолдады.

Тұрақты инфрақұрылым секторында ЕҚДБ Қазақстан электр желілерін басқару компаниясына (KEGOC) 252 миллион еуро бөлді. Жоба Қазақстанның энергетикалық жүйесінің үш бөлек электр энергетикалық жүйесіне тарихи бөліну мәселесін шешуге көмектеседі. Банк қаражаты 600 шақырымға жуық 500 кВ электр жеткізу инфрақұрылымын салуға және Батыс Қазақстан энергетикалық жүйесін елдің Бірыңғай энергетикалық жүйесіне біріктіруге ықпал етеді.

ЕҚДБ 5,5 миллиард теңгеге (11 миллион еуро) айырбасталатын несие беру арқылы Орталық Азиядағы жетекші қазақстандық ас және өнеркәсіптік тұз өндірушісі «Аралтұз» АҚ-ны кеңейтуге қолдау көрсетті. «Аралтұз» бұл несиені отандық вакуумдық тұз өндірісін жолға қойып, оның экспорттық құрылымын әртараптандыруға жұмсамақ.

ЦентрКредит Банк, Шинхан Банк және KMF сияқты отандық қаржы институттары арқылы Қазақстандағы шағын бизнесті несиелік желілермен қамтамасыз ету арқылы дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөлінді.

ЕҚДБ шағын бизнес бойынша кеңес беру бағдарламасы 188 кеңес беру жобасын іске қосты. Олардың жартысынан астамы кәсіпкер әйелдер болса, 60 пайызы Алматы мен Астанадан тыс аймақтарда іске қосылған. Бүкіл ел бойынша 7500-ден астам кәсіпкер мамандандырылған тренингтерден, тәлімгерлік бағдарламаларынан және біліммен бөлісу шараларынан өтті, оның ішінде 6000 кәсіпкер әйел «Микробизнестегі әйелдер» жобасы арқылы оқытылды. ЕҚДБ сонымен қатар онлайн тәлімгерлік платформасын іске қосты.