Таңғажайып Сингапур
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мәдениет басқармасы, «Алматы қаласы музейлер бірлестігіне» қарасты музейлердің он қызметкері, оның ішінде өзім де бармын, дүние жүзі дамыған елдердің алдыңғы қатарынан орын алатын Сингапур еліне осы қаладағы ғылыми орталықтың ұйымдастыруымен өткізген «STEM кәсіби даму семинары» («STEM Professional Development Workshop») атты Халықаралық біліктілікті арттыру семинарына қатысып, білімімізді жетілдіріп, біліктілігімізді арттырып қайттық. Сіздермен Сингапур еліне барған сапарымнан көзбен көріп, көңіліме түйген әсеріммен, алған біліммен бөліскім келіп отыр.
«Сингапур» малай тілінің синга – «арыстан» және санскрит тіліндегі пура – «қала» деген сөздерінен құралған. Сингапур Республикасы (ағылш. Republic of Singapore; қыт. 新加坡共和国; малайша Republik Singapura; там. சிங்கப்பூர் குடியரசு) – экватордан 137 км. солтүстікте, Малайзияның Жохор облысының оңтүстігінде, Индонезияның Рияу аралының солтүстігінде орналасқан, 63 аралдан тұратын мемлекет. Халқының саны 5,8 миллион адам (2020). Жергілікті халықтың 76,8%-ын қытайлықтар, 13,9%-ын малайлықтар, 7,9%-ын Үндістан елінің өкілдері құрайды. Сонымен қатар араб, евреи, тай, армян, жапон және метистер (евроазиат) де ел халықының белгілі бір шағын тобын құрайды. Халықтың 33% буддизм дінін, 18% христиан дінін, 15% ислам ұстанса, 17% ешқандай дінге кірмейді.
Біліктілікті арттыру семинарын қаладағы ғылыми орталықтың беделді мамандары өткізді. Біздің оқу барысымызда байқағанымыз Сингапур елінің бала тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлетіні, жастайынан ғылымға баулыйтыны, ол ғылымды меңгертуге үйрететін тәсілдері таңғалдырды. Балаға білім беруде назар аудартқаны біздің еліміздегі мектептердің оқу жүйесіндегідей емес ол елде оқушыларын мектептен тыс орындарға, тәжірибе алатын орталықтарға арнайы апарып білімін шыңдату. Яғни балаға жалықтырмайтын форматта білім беру. Сондықтан әр бала оқу процесіндегі меңгеріп отырған тақырыбын арнайы орталықта жалғастырып, білікті мамандардан ғылыми-тәжірибе түрінде білімін тереңдетеді. Оқу барысы тәжірбие жасау, әр түрлі ойын, жарыс, шоу ретінде ұсынылып, сол арқылы балалар ғылыммен ерте айналыса алады. Бұл оқыту әдісі, оқу процесі ойын формасында құрастырылғандықтан, балалар ғылымға деген қызығушылығын жоғалтпай, керісінше, одан әрі тереңдетуге ұмтылады. Бұл тәсіл, балалардың шығармашылық ойлауы мен логикасын дамытуға зор ықпал етеді.
Сингапурдағы білім беру жүйесінің тимділігі, балаларды жастайынан STEM бағдарламасымен оқытуы. STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі, оның шеңберінде академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамалар шынайы өмір контексінде зерттеледі. Бұндай тәсілдің мақсаты – мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында STEM – сауаттылықты дамытуға және әлемдік экономикадағы бәсекелестік қабілеттілікке ықпал ететін нық байланыстарды орнату (Tsupros, 2009).
«STEM» аббревиатурасын алғаш рет, яғни ХХ ғасырдың 90 жылдары америкалық бактериолог Р.Колвэлл ұсынғанымен, ол тек 2000 жылдардан бастап қана белсенді қолданыла бастады. STEM негізінде бұл түсініктің жаңа нұсқалары пайда болды. Оның ішінде анағұрлым кең таралғаны STEAM (ғылым, технологиялар, инженерия, өнер және математика) және STREM (ғылым, технологиялар, робототехника, инженерия және математика) болды. Қазіргі уақытта STEM әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі. Технологиялардың қарқынды дамуының арқасында жаңа мамандықтар пайда болуда. Жалпы STEM мамандарға сұраныс өте жоғары.
Сингапурдағы білім беру жүйесінің тағы бір ерекшелігі – оқушылар арасында шығармашылықты және командалық жұмысты дамытуға арнаған жобалар мен байқаулардың көптеп ұйымдастырылуы. Мұндай шаралар оқушылардың ғылыми, шығармашылық әлеуетін дамытып қана коймай, оларды бір-бірімен таныстырып, әріптестік байланыстар орнатуларына мүмкіндік береді. Мұғалімдер балалардың шығармашылық жұмыстарын бағалауда олардың талпыныстарын, жаңа идеяларын бағдарлап, оның ары қарай іске асыруларына жағдай жасап, ынталандыра түседі.
Сингапурда білім алудың маңызды аспектілерінің бірі әр шараға ата-аналардың белсенді қатысуы. Ата-аналар балаларымен бірге ғылыми жобаларға, зерттеулерге, түрлі іс-шараларға қатысады. Бұл отбасылық қолдау балалардың білімге деген оң көзқарасын қалыптастырып, қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Жалпы, Сингапурдың білім беру жүйесі ғылым мен шығармашылықты табиғи түрде ұштастыра отырып, келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған. Оқушылар білім алудың қуанышын сезініп, ғылыммен айналысуды ойын сияқты қызықты іс-әрекет ретінде қабылдауы. Сонымен қатар баланы жастайынан армандауға, пікірін еркін білдіруге, ойын шектемеуге үйретіп, әрбір жағдайды әр қырынан көре білуге баулып, баланың өзіне деген сенімділігін арттырады. Осылай еркін өскен бала кейін қиялын шектемей үлкен белестерге жететіні айқын.
Қала ғимараттары осы елге келген әр жанды таңғалдырды. Расымен де Сингапур қаласының архитектурасына көз жүгіртсең бір ғажайып ертегі әлемінде жүргендей сезінесің, адам қиялының шексіз ұшқыр екенін ұғынасың. Сингапур мәдениетті ел. Адамдардың бір біріне деген ілтипатынан бөлек, тәртіп пен тазалыққа ерекше назар аударған. Осыған байланысты, балаларды жастайынан экологиямен таныстырып, табиғатты қорғау жауапкершілігіне үйретеді. Оларға кішкентайынан ортада and GreenSingapore мәдениетін қалыптастырады. Бұл дамыған елдің тәжірибесінен үйренеріміз көп-ақ. Қазақ қоғамының дамуына да осындай әдістерді енгізу өте манызды. Жастайынан осындай тәрбие алып өскен бала өз еліне, жеріне махаббатпен, құрметпен қарайды. Сонымен қатар, бұл дамыған мемлекетте тек идеологиямен ғана емес, қатаң заңдармен де тәртіп орнатып отырады. Мәселен, табиғатты ластасаң, сағыз шайнасаң, т.б. тәртіпсіздіктер жасалса алғашында қомақты ақшалай жаза берсе, қайталанса сотқа тартыласың. Бұл ел халқының табиғатты аялайтыны соншалықты көлікті тек жаңа күйінде алып, он жылдан соң қолданыстан шығарып отырады екен. Бұл да ауаны ластамаудың бір тәсілі екенін айтты.
Сингапурдың аспаздық сахнасы қала тарихындағы жеке тарау болып табылады. Базарларда, көше тамақтарында лаксадан бастап хайнандық тауық күрішіне дейін әртүрлі тағамдар ұсынылады. Түнгі бақтар мен атақты Марина Бэй операсы қаланың жаңашылдық пен сұлулыққа деген адалдығын көрсетеді. Әр келген турист қаланың көрікті жерлерін аралап, әдемі музейлерін тамашалап, өзінің демалысын жоғары деңгейде өткізе алады.
Сингапурдың экономикасы тиімділіктің эталоны болып табылады. Оның порты әлемдегі ең қарқынды порттардың бірі. Қала технология мен қаржы орталығына айналып, инновацияларды тартады. Өзінің бірегей мәдениетін сақтай отырып, ол қытай, малай, үнді және батыс дәстүрлерін біріктіреді. Сингапур – өткен мен болашақ арасындағы үйлесімділік арманының іске асуы. Мұнда күн сайын табыс тарихының жаңа тарауы жазылады. Бұл елдің өткені шабыттандырады, ал болашағы өз жетістіктерімен баурайды. Таңғажайып Сингапурден алған, көңілге түйген, іске асырар армандарым көп-ақ.
Анар КОШЕРБАЕВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық
музей кешенінің жетекшісі