Студенттер университетте «Өзін-өзі басқару жылын» жариялауды ұсынды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының  жыл басында «Ана тілі» газетіне жарияланған мақаласын оқып, талдап, пікір алмасты.

Университеттегі Жастар ұйымдары көмитеті, белсенді студенттер, түрлі студенттік ұйымдардың қатысушылары мақаланы талдай келе, мемлекет басшысының үндеуіндегі «Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатыр­мыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні», — деп жастарға қарата айтылған осы маңызды ойды қолдай отырып, жастарға артылған сенім мен міндетті атқару жолында биылғы жылды Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Студенттік өзін-өзі басқару жылы» деп бекітуді сұрап университет басшылығына ұсыныс жасады. Қашанда жастардың жан-жақты дамуына барынша қолдау жасап, мемлекеттің игілігі үшін жастар үлесінің зор екенін баса назарда ұстайтын университет басшылығы, ректор Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы төрағалығымен Ғылыми кеңес бұл ұсынысымызды қолдады. Бұл дегеніміз жастарға көп мүмкіндік берілу арқылы арқылы жеке және кәсіби дағдыларды дамыту, болашақ мансапқа дайындық, жауапкершілікті қалыптастырудың өмірлік тәжірибе алаңы.

Қоғамда қызу талқыға түскен мемлекет басшысының мақаласындағы «Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін» деген ойы жастарды алға сүйрейтін месседж десек болады.

Президенттің осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қоғам мүшелеріне, әсіресе жастарға еңбек адамын құрметтеуді, мамандықтың үлкен-кішісі болмайтынын, әр еңбектің қоғамда үлкен сыйластыққа ие екенін түсіндірді.

Біздің университетте «Студенттік өзін-өзі басқару» жылы аясында еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік, т.б.  құндылықтарды дәріптеу жолында бар күш – жігерімізді саламыз. Алғашқы игі шаралар «Еңбегім —  мәртебем!», «Жастар энергиясы – игілікке!» атпен  қала деңгейінде басталып та кетті. Алда: «Үздік жас зерттеуші», «Мен оқитын кітап», «Студенттік құрылыс – еңбек жасағы», «Кампус жасыл эко жүйесін жасаймыз!», «Жас кәсіпкер», «Жылдың үздік студенті» жобаларымен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыру, Отанымызда алған сапалы білімді шетелде ұштау, спорт, ғылым, білім салаларында нәтижеге жету жолында аянбай еңбек етеміз.  Білім де, ғылым да еңбекпен баянды болмақ.