Жаңа оқулықтар: Білім берудің жаңа кезеңі

Arman-PV баспасының бас редакторы Айгүл Нұрмұқашқызы Бекболатовамен сұхбат

Білім беру саласы үнемі даму үстінде. Соңғы жылдары Қазақстанда оқу бағдарламалары жаңартылып, білім беру мазмұны қазіргі заман талаптарына бейімделуде. Осы өзгерістер аясында Arman-PV баспасы 4-сынып оқушыларына арналған «Русский язык», «Цифровая грамотность» және «Цифрлық сауаттылық» оқулықтарын әзірледі. Бұл оқулықтар жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде жасалып, Оқу-ағарту министрлігі сараптамасынан өткен. Біз осы жаңа оқулықтардың ерекшеліктері мен маңыздылығы туралы Arman-PV баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатқызымен сұхбаттастық.

– Жаңа оқулықтар мен оқуәдістемелік кешендері туралы толығырақ айтып берсеңіз. Бұл оқулықтар қандай негізде әзірленді?

– Бұл оқулықтар жаңартылған оқу бағдарламасына негізделіп, бүгінгі білім беру талаптарына сай әзірленді. Жаңа оқу кешендері оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған, яғни балалар алған білімін өмірде қолдана алатын дағдыларды меңгереді.

Мысалы, «Русский язык» оқулығы коммуникативті әдіс негізінде жасалып, оқушылардың тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Мұнда диалог құру, мәтінмен жұмыс істеу, сөздік қорды дамыту сияқты практикалық тапсырмалар бар.

«Цифрлық сауаттылық» және «Цифровая грамотность» және оқулықтары оқушыларды ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде және білім алуда қолдануға үйретеді. Олар электронды хат жазу, мультимедиа жасау, презентация әзірлеу, бағдаршам-робот жобалау сияқты практикалық тапсырмаларды орындайды. Сондай-ақ бұл оқулықтар оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға, интерактивті тапсырмалар арқылы шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған. Бұл пән функционалды сауаттылықты дамытуға ерекше көңіл бөледі, яғни оқушылар ақпаратпен жұмыс істеуді, сыни ойлауды және цифрлық құралдарды тиімді пайдалануды үйренеді.

– Бұл оқулықтар мұғалімдерге қалай ұсынылып жатыр?

Еліміздегі барлық мектеп мұғалімдерімен онлайн және офлайн кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кездесулерде оқулықтардың құрылымы, әдістемесі талқыланып, олардың оқыту процесінде қалай тиімді қолданылатыны көрсетіледі.

Ең бастысы – мұғалімдер ETANDAU.gov.kz платформасы арқылы өз мектептеріне оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін таңдай алады. Бұл – таңдау еркіндігін қамтамасыз ететін маңызды қадам.

– Мұғалімдерге қандай қосымша ресурстар қарастырылған?

– Жаңа оқу кешендері тек баспа түрінде ғана емес, «Еkitap.kz» онлайн платформасына электронды форматта да қолжетімді. Әрбір кешеннің құрамында:
Жұмыс дәптерлері

Интерактивті тапсырмалар

Аудио және видео материалдар

Ұзақ, орта, қысқа мерзімді жоспарлар

Мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар бар.

Электронды нұсқаларда анимация, видеожазбалар, интерактивті элементтер қамтылған. Бұл оқу процесін қызықты әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, барлық оқу материалдары жоғарыда атап өткенімдей, Ekitap.kz онлайн платформасында да қолжетімді. «Русский язык», «Цифровая грамотность» және «Цифрлық сауаттылық» оқулықтары цифрландырылып, мұғалімдер мен оқушылар үшін ыңғайлы форматта ұсынылды. Қазіргі таңда платформада 100-ден астам электронды оқулық бар, және олардың қатары күн сайын артып келеді. Оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар Ekitap.kz платформасына тіркеліп, кез келген уақытта қажетті материалдарға онлайн қол жеткізе алады. Бұл – заманауи білім беруді қолжетімді ететін маңызды қадам.

– Осы оқулықтарды таңдауда мұғалімдердің пікірі қаншалықты маңызды?

– Біз үшін мұғалімдердің таңдауы – басты басымдық. Сондықтан барлық материалдар ұстаздардың қажеттіліктеріне сүйене отырып жасалған.

Бұл оқулықтар пилоттық режимде сынақтан өтті, тәжірибелі ұстаздар тарапынан талқыланды. Мұғалімдер өздерінің ұсыныстарын айтып, оқулықтарды жетілдіруге үлес қосты.

Қазір ETANDAU.gov.kz платформасында әрбір ұстаз өз мектебіне лайықты оқулықты таңдай алады.

– Жаңа оқу кешендері қазақстандық білім жүйесіне қандай өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз?

– Бұл оқулықтар – заманауи білім беру талаптарына сай жасалған, оқушының ойлау дағдыларын дамытатын, технологиямен жұмыс істеу қабілетін арттыратын құралдар.

Цифрлық және функционалдық сауаттылық – бүгінгі білім берудің басты талаптары. Оқушылар тек теорияны меңгеріп қана қоймай, оны өмірде қолдануды үйренуі керек.

Жаңартылған оқулықтар оқыту сапасын жақсартып, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырады, олардың логикалық, шығармашылық қабілетін дамытады.

Бұл – еліміздегі білім беру жүйесінің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсететін маңызды бастама.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

– Сіздерге де рақмет. Мұғалімдерімізге сәттілік тілейміз. Өйткені, Қазақстанның әрбір ұстазы – білім жүйесін дамытудың негізгі қозғаушы күші.