Елімізде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 90 пайыздан астамында вирустық жүктеме басылған

1 наурызда ЮНЭЙДС бастамасымен «Кемсітушілікке жол жоқ» күні атап өтіледі. Биылғы жылдың ұраны – «Біз біргеміз».
Мемлекеттің АИТВ-ға байланысты құқықтарды қорғау, кемсітудің қандай да бір нысандарына жол бермеу туралы кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде заңнамалық деңгейде бекітілген.
Қазақстанда «Н=Н»: «Анықталмайды, яғни берілмейді» қағидаты қолданылады. Осы қағидатқа сәйкес, АИТВ-мен өмір сүретін, антиретровирустық терапияны қабылдайтын адам вирусты өзінің жыныстық серіктесіне жұқтыра алмайды. Тұжырымдама әлемдік ғылыми зерттеулермен толығымен расталды.
Елімізде ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы жүзеге асырылып жатыр, ол АИТВ-инфекциясына байланысты профилактиканы, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі күні АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 83 пайызы өздерінің мәртебесін біледі, олардың 90 пайызы антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдайды, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92 пайызында вирустық жүктеме басылған.
Еліміздің барлық өңірлерінде профилактиканың инновациялық түрі – байланысқа дейінгі профилактика енгізілуде. Жылдан жылға халықтың негізгі топтарының өкілдері (инъекциялық есірткі тұтынатын адамдар, секс жұмыскерлер, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар) АИТВ-ға тестілеуден өтуде. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес халықтың негізгі топтарын тестілеудің қолжетімділігін кеңейту мақсатында қоғамдық үкіметтік емес ұйымдарда АИТВ-инфекциясына экпресс-тестілеуден өтуге болады. АИТВ-мен ауыратын әйелдердің 98% -ы дені сау балалар туады. Науқастарға диагноз қойылғаннан кейін бірден тағайындалатын және тегін берілетін АРТ қол жетімді бола бастады.
— Егер қоғамда АИТВ-мен байланысты стигма мен кемсітушілік деңгейі жоғары болмаса, бұл нәтижелердің барлығы әлдеқайда маңызды болатын еді. Жалпы тапсырма — кемсітушілікті толығымен жою. Оны орындау АИТВ-инфекциясының өсу қарқынын едәуір қысқартуға ықпал етеді, — деп есептейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы Ұлықбек Медеубеков.
2025 жылы «Кемсітушілікке жол жоқ» күні әлемде 11-ші рет атап өтіледі. ЮНЭЙДС бүгінде АИТВ-ға жауап шараларының тұрақтылығында және денсаулық сақтау саласындағы жаһандық күш-жігерде қауымдастықтың негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Олар АИТВ-мен өмір сүретін және эпидемиядан зардап шеккен барлық адамдарға құрметпен және жақсы көзқараспен қарауды қамтамасыз ету миссиясын үнемі қолдайды.
ҚДИАҒО баспасөз қызметі