Алматыда жаһандық студенттік көшбасшылық тақырыбында халықаралық форум өтті

 27 ақпанда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (METU университеті) «Жаһандық студенттік көшбасшылық: дамуы, әсері, әрекеті» атты студенттік көшбасшылардың халықаралық форумы өтті. Форум еліміздің әнұранымен бастау алды.

Форумның алғы сөзінде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (METU университеті) ректоры, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі Гүлнар Сәрсенбекова: «Форумның мақсаты жаһандық әлемде жастардың үйлесімділік жолында бірін-бір түсініп ғана қоймай, дамуға ұмтылуда студенттік көшбасшылықтың маңызды қадамдарын ортаға салатын алаң болмақ. Болашақтың білімі жолында көшбасшылықтың дамуына ықпал ететін орта қандай болуы керек? Халықаралық кеңістікте еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін түлек атрибуттарының маңыздылығы, Ғылымның жаңа моделінде білім алушылардың үлес салмағын арттыру көздері, материалдық прогресс көлеңкесінде рухани құндылықтар қалып қалу қаупі бар ма, экологиялық тұрақтылық пен экономиканың дамуы арасындағы теңгерімді  табуда жасыл экономика мақсаты, жасанды интеллекті дұрыс қолдану мен дамуы жастардан, жалпы адамдардан қандай дайындықты қажет етеді, осы және басқа да  сұрақтар форумның жұмыс барысында қаралады», — деп атап өтті.

Ректор айтып өткендей, бүгінгі форум спикерлері кезінде студенттік өзін-өзі басқару инститтуттарының көшбасшылары, бүгінде кәсіби ғана емес жеке басында да жетістікке жеткен жас мамандар, ғалымдар, бизнесмендер.

Форум қонақтары АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Қытай, Ресей мемлекеттерінен қатысуда. Сонымен қатар METU-де Египет, Монғолия, Қытай, Түркия, Ресей, Марокко, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б., әлемнің он бес елінен келіп білім алып жатқан  шетел студенттері де Студенттік өзін-өзі басқару жылына арналған халықаралық форумға қатысты.

Форум қатысушылары студенттерге көшбасшылық дағдыларды дамыту және өзін-өзі дамыту кеңестерімен бөлісті.

Оңтүстік Калифорния Лос Анджелес университетінен қатысқан PhD Назира Бөлтірікова — еліміздегі республикалық «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымының алғашқы басшысы. Ол форумға қатысушыларға өзінің студенттік көшбасшылық жолында түйген кеңестерін ортаға салды.

«Студент кезімде маған барлығы кейін басталатын секілді көрінетін. Оқу бітіріп алайын, жұмысымды жасап алайын, жобамнан кейін жасаймын деп жүретінмін. Өмірімнің бәрі қазір емес,  яғни ертең басталатын, алдағы уақытта сияқты көрінетін. Алайда ертеңгі күн дәл осы жерде, қазірден басталатынын айтқым келеді. Қай жерде жүрсеңіз де, сол жерді жақсартуға тырысыңыз. Өзіңізден кейін өзгеріс қалдырыңыз. Біздің студент кезімізде де Өзін-өзі басқару ұйымы болды. Бір қарағанда нәтижесіз талқылаулар сияқты көрінетін. Бірақ уақыт өте келе түсінгеніміз — дәл осы ұйым біздің болашағымызға үлкен әсер етті. Біз жай ғана талқылау емес, университеттің шешімдеріне ықпал етуді үйрендік. Мәселен, тамақтану мәселесіне болсын, жатақхана мәселесіне, көптеген студенттің әлеуметтік мәселелеріне жаңашылдық әкелдік. Менің ұққаным, егер сен бір мәселені көрдің бе уақыт күтпей әрекет ет», — дейді Назира Бөлтірікова. Өзінің көшбасшылық тәжірибесімен бөліскен ол студенттерге — іске бірден кіріс. Батыл бол. Идеяларыңыз ауқымды болсын. Ғаламдық ойлаудан қорықпаңыз. Табыстың кілті – қарапайым әдеттер. Олар: сапалы ұйқы, таза су, спорт. Осы үшеуі энергияның көзі. Үлкен жетістіктер қарапайым әдеттерден басталады деп мықтап түсіндірді. Сонымен қоса, құндылықсыз технология емес, технологияны не үшін жасаймыз, адамзатқа қандай пайда әкеледі деп әрекет етуді кеңес етті.  Әлемді өзгеруді қаласа, қателесуден қорықпауды айтты.

Сонымен қатар форумның спикерлері мен модераторлары қатарында: Мэти-Корли Исаак Опар (студент, Гана мемлекеті), Глазго университеті Адам Смит Бизнес мектебінің (Ұлыбритания) оқытушысы, PhD Бакыт Толегенов, Ресей биотехнологиялық университетінің профессоры (РОСБИОТЕХ) Татьяна Данильчук, Алматы қаласы «Жасыл ел» студенттік құрылыс жасағының кезіндегі басшысы, бүгінде Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғман, Алматы қаласы саяси кеңес мүшесі, Жастар саясаты бөлімінің бастығы Дидар Ділдәбек, «Береке» банкінің Жеке тұлғаларға қызмет көрсету секторының бастығы Шахмурад Хасанов, Алматы қаласы төтенше жағдайлар  департаменінің аға офицері Сандуғаш Баймухамбетова, Интергаз Орталық Азия басқармасының қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу бөлімінің басшысы Сейтжан Қонарбаев, «Халықаралық өмір сапасын зерттеу қоғамы» (ISQOLS) мүшесі Шырын Тленчиева, , журналист, психолог Арайлым Өмірбекова,  «PROPANEL» компаниясының директоры Тоқтарқұл Ұлан, Блокчейн технологиялары саласының маманы Акназар Казымбетов және тағы да басқа спикерлер мен METU университетінің оқытушылары, белсенді студенттері қатысып, өз пікірлерімен, кеңестерімен бөлісті.

Форумның пленарлық сессияларында «Болашақтың білімі жолындағы жаһандық көшбасшылық», «Жаһандық бәсекеге қабілетті түлек атрибуттары», «Ғылымның жаңа моделі» тақырыптарын қамтыса, панельдік сессиялар «Жаһандық болашақ және рухани әлем», «Жаһандық болашақ және жасыл экономика», «Жаһандық болашақ және зияткерлік капитал», «Жаһандық болашақ және жасанды интеллект», «Жаһандық болашақ және ғылымның жаңа буыны» тақырыптарына арналды.

Адами капитал тақырыбын зерттеуші жас ғалым, қызметкерлердің жұмыс өнімділігін арттыруға көмектесетін кәсіби коуч, PhD Алия Қарақожаева жаһандық бәсекеге қабілетті түлек атрибуттары жайлы тоқталып, өзінің кәсіби өмірде жетіп жатқан әрбір жетістіктерінің іргетасы университет қабырғасында, өзін-өзі басқару ұйымында қалыптасқанын айтты. Бәсекеге қабілетті түлек атрибуттары — білім алып, өзін дамытқан, студенттік өзін-өзі басқару ортасында қалыптасқан және жаһандық заманда жаңаша ойлауды дамытқан тұлға екенін атады.

Биыл METU университетінде Өзін-өзі басқару жылы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына орай, Президенттің бастамасын қолдай отырып, METU университетінің белсенді студенттерінің ұсыныс білдіруімен осы жыл METU  университетінде «Өзін-өзі басқару жылы» деп жарияланды. Осы бағытта университетте еңбек адамдарын қолдау және студенттердің бастамасына демеу көрсетуде біршама жұмыстар жалғасын тауып жатыр.

«METU life» журналының тұсауы кесілді

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумда студенттердің өздерінің бастамасымен жарық көрген, университет өмірінен ақпарат тарататын «METU life» журналының тұсауы кесілді.

Әлеуметтік GPA бағалау құралы қолданысқа енді

Осы жиында университеттегі білім алушыларды жан-жақты дамыту және оларда білім берудің базалық құндылықтары негізінде қажетті негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыру мақсатында білім ордалары арасында алғашқылардың бірі болып әлеуметтік GPA бағалау құралы қолданысқа енді. Бұл құралға студенттердің барлық жетістіктері мен көрсеткіштері енгізіліп отырады, жыл соңында үздік студенттер марапатталады.

«Кітап алмасу бұрышы» ашылды

Форумда тағы бір жүзеге асқан бастама —  METU университетінде  «Кітап алмасу бұрышы» ашылды. Бұл кітап алаңына ректор бастап, университеттің оқытушылары мен студенттері жеке кітапхана қорынан кітап сыйға тартаты. «Кітап бұрышында» оқырмандар еркін түрде кітап алмасып, оқу мүмкіндігіне ие болды.

Ағылшын тілінде «Home Reading»  кітабы жарық көрді

Студенттерге арналған бұл форумда басқа да бірнеше игі бастамалар жұмыстарын бастады. МИТУ университетінде «Home Reading»   бағдарламасы енгізілді. Студенттік өзін-өзі басқару жылы аясында жарық көріп отырған студенттерге халықаралық  ағылшын тілінде ойларын еркін жеткізе алуға мүмкіндік беретін өте жиі кездесетін академиялық сөздер, сөздік қорларын  арттыруға  көмектесетін «Home reading» үшін беріліп отырған әңгімелері бар және көп қолданатын тақырыптарға арналған топиктер, сабақтан тыс, үй тапсырмалары бар «Home Reading» кітабының мың данасы бүгінгі форумда арнайы басып шығарылып, форум қатысушыларына және университеттің мыңға жуық студенттеріне тегін таратылды. «Home Reading»   бағдарламасын енгізу студенттердің академиялық үлгеріміне және жалпы дамуына оң әсер ететін маңызды қадам.

Кәсіпорындар студенттерге «Жұмысқа шақыру» сертифиткаттарын табыстады

Студенттердің игілігіне ұйымдастырылған халықаралық форумда білімгерлер үшін іске қосылған осы игі бастамалардан бөлек, үздік студенттерді марапаттау, арнайы стипендиялар тағайындау, жұмысберушілер тарапынан жаңа жұмыс орындарына шақыру салтанатты шарасы орын алды.

METU университетінің оннан аса үздік студенттерін кәсіпорындар «Жұмысқа шақыру» сертифиткаттарымен марапаттап, арнайы атаулы шәкіртақылар тағайындады.

METU университеті «Инженериядағы смарт технологиялар» кафедрасының 2 курс студенті Ибадулла Сержан Нәбиханұлы  «Академсеть» кәсіпорнының, «Биохимиядағы инженерия» кафедрасының 2 курс студенті Тугеева Альфия Шамильевна «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» кәсіпорнының, «Экономика және бизнес» кафедрасының 2 курс студенті Шайхынова  Нұрай Қанатқызы SEA STAR TOURISM  компаниясының, «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының 3 курс студенті Әділет Болатұлы КАМЕРТОН кәсіпорнының «Жұмысқа шақыру» сертификаттарын иеленді.

Үздік студенттерге атаулы шәкірақылар тағайындалды

Ал үздік студенттерге арнап PROPANEL кәсіпорны тағайындаған атаулы шәкіртақыларды «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» білім беру бағдарламасының  2 курс студенті Онгар Қарлығаш Кұрмангазықызына, «Биоинженерия және биоинформатика» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Зинатдинова Гульшат Жолдасбайкызына, «Қаржы білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Турсунова Жансая Айдосқызына, «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Тореханова Арайлым Асанкызына, «Бағдарламалық инженерия» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті  Естекова Амина Серикгаликовнаға «PROPANEL» кәсіпорнының директоры  Тоқтарқұл Ұлан Нұрболатұлы арнайы келіп табыстады. Журналист, психолог Арайлым Өмірбекова да үздік студентке арнайы шәкіртақы ұсынды.

Студенттік құрылыс жасағы құрылды

Сонымен бірге форум барысында METU университеті студенттерінен оқу орнының студенттік құрылыс жасағы құрылды.

Халықаралық дәрежеде бас қосып отырған жастар форумында Студенттік жобалардан көрме ұйымдастырылды. Көшбасшылардың арнайы бағыттар бойынша жұмыстары жүзеге асты.