Сапалы білім – заман талабы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультеті еліміздің ең беделді білім ордаларының бірі. Бұл оқу ордасы өзінің білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытуға, заңгерлер мен құқық қорғаушыларды кәсіби даярлауға үлкен үлес қосып келеді. Қазіргі таңда факультет Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-ші мақсатында — сапалы білім беруді қамтамасыз ету жолында көптеген ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-ші мақсатының басты бағыты – «Барлық деңгейде, инклюзивті және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, әрі барлық адамдар үшін өмір бойы оқытуды қолдау» болып табылады. Бұл мақсат білім беру жүйесін әділ әрі теңдей қолжетімді етуге бағытталған. Білім ордамыз осы мақсатқа жету жолында сапалы білім беру бағдарламаларын енгізіп, студенттердің құқықтық білім алу деңгейін арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды.Заң факультеті өзінің білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру үшін бірнеше бағытта жұмыс істейді. Бұл бағыттар негізінен халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және заманауи құқықтық білімнің талаптарына жауап береді. Факультеттегі оқыту бағдарламалары заң ғылымдарының негізгі салаларына – конституциялық құқық, халықаралық құқық, коммерциялық құқық, қылмыстық құқық, азаматтық құқық және басқа да маңызды салаларға бағытталған.
ҚазҰУ-дың заң факультеті оқытудың инновациялық әдістерін енгізу арқылы студенттердің құқықтық білімін жақсартып, олардың практикалық дағдыларын дамытуға зор көңіл бөледі. Білім беру процесінде лекциялар мен семинарлармен қатар, практикалық сабақтар, кейс-стадилар, құқықтық клиникалар ұйымдастырылады. Бұл студенттерге теориялық білімді нақты өмірдегі жағдайларға қолдану мүмкіндігін береді. Қара шаңырақ халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән береді. Факультет көптеген шетелдік университеттермен серіктес болып, студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасайды. Бұл халықаралық бағдарламалар мен мобилділік жобалары студенттерге әлемдік құқықтық жүйелермен танысуға, халықаралық стандарттарды меңгеруге мүмкіндік береді. Студенттер мен оқытушылардың халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарларға қатысуы олардың біліктілігін арттырады.Оқу ордамыздың білім алушыларын тек теориялық біліммен ғана қамтамасыз етіп қоймай, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға да назар аударылады. Факультетте құқық қорғау мекемелері, мемлекеттік органдар, құқық саласында жұмыс істейтін ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Студенттер кәсіби тәжірибе жинақтау үшін құқықтық клиникалар мен практикалық сабақтарға қатысып, нақты заң мәселелерін шешуде тәжірибе алады. ҚазҰУ-дың оқытушылары – бұл тәжірибелі заңгерлер мен ғалымдар, олар тек теориялық білімдермен ғана емес, сонымен қатар практикалық тәжірибелерімен бөліседі. Бұл студенттерге болашақта кәсіби өмірде кездесетін нақты мәселелермен жұмыс істеу мүмкіндігін береді. Оқытушылар мен студенттер арасында тікелей байланыс орнату арқылы оқу процесі одан әрі сапалы әрі тиімді жүзеге асады.
Заң факультеті сапалы білім беру мақсаттарын іске асыру жолында әрдайым даму үстінде. Сонымен қатар,халықаралық деңгейдегі серіктестіктерді нығайтып, әлемнің үздік университеттерімен бірлескен оқу бағдарламаларын іске асыруды көздейді.Жалпы факультетінің миссиясы – елдің заң саласында сапалы, білікті және кәсіби мамандар даярлау. сапалы білім беру мақсатында атқарып жатқан жұмыстары оның білім беру сапасын арттырудағы негізгі күш-жігерінің дәлелі болып табылады.Факультет тек еліміздің ғана емес, халықаралық деңгейдегі сапалы білімнің ордасына айналуға ұмтылуда. Заң факультетінің болашақтағы мақсаттары мен міндеттері білім беру жүйесін үздіксіз дамыту, құқықтық мамандарды даярлауда жоғары стандарттарды орнату болып қала береді.
Ахатов У.А.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының профессор м.а., з.ғ.к.
Абжапарова Ф.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің 2 курс магистранты