Қазақстан мен Беларусь биржалық сауда арқылы экономикалық байланыстарды нығайтуда

«Каспий» тауар биржасы мен Беларусь әмбебап тауар биржасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Каспий» тауар биржасы мен Беларусь әмбебап тауар биржасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат өзара сауданы дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру үшін негіз болады.

Меморандумға қол қою рәсімі 2025 жылғы 5 наурызда Астанада екі биржаның өкілдері және ресми тұлғалардың қатысуымен өтті.

Меморандумға қол қою өңірдің екі жетекші биржасының өзара іс-қимылын тереңдетуге бағытталған маңызды оқиға болды.

Құжат бірлескен жобаларды іске асыруды, сауда тетіктерін жаңғыртуды және операциялық тиімділікті арттыруға және тауар нарықтарына қатысушылардың интеграциясын күшейтуге мүмкіндік беретін инновациялық шешімдерді енгізуді көздейді.

«Қол қойылған меморандум біз үшін ынтымақтастықтың ауқымды перспективаларын ашады. Бұл жай ғана ресми қадам емес, бұл біздің биржаларымыз үшін ең жақсы тәжірибелермен алмасудың, сауданы дамытудың және елдеріміздің экономикасының өсуіне ықпал етудің нақты мүмкіндігі. Біздің бірлескен күш-жігеріміз неғұрлым ашық және серпінді сауда ортасын құруға әкелетініне сенімдіміз», деп атап өтті «Каспий» тауар биржасы» АҚ президенті Мұрат Қадисов.

«Беларусь әмбебап тауар биржасы» ААҚ Басқарма төрағасы Александр Осмоловский «Бұл меморандум – біздің халықаралық биржалық нарықты дамыту жөніндегі жалпы стратегиямыздың нәтижесі. Меморандум ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі болады және сауда-саттыққа қатысушылар үшін жаһандық нарыққа тиімдірек шығуға мүмкіндік беріп, оларға қолайлы жағдай жасайды», – деп, бірлескен бастамалардың болашағына сенім білдірді.

Тараптар сондай-ақ қол қойылған құжат Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда қатынастарына оң әсер ететін жаңа тиімді сауда тетіктерін құру үшін негіз болатынын атап өтті.