Ананың ақ сүтін ақтау парыз

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы, Н.Оңдасынов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ұшқан ұя», «Үмітімнің Үркері» кітаптарының авторы Әсел Оспанмен «Ананың ақ сүтін ақтау парыз» атты тақырыпта кездесу өтті. Шараны ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков жүргізді.
Кеш қонағы, белгілі ақынымыз поэзияға келу жолы, қоғамдағы әйел-ананың алар орны, ақындық өнердегі замандас-құрбылары, жас ақындар туралы ой-толғаныстарымен бөлісіп, Ана, көктем, махаббат тақырыбындағы өлеңдерін оқыды. Шараға қала тұрғындары, Алматы мемлекеттік Бизнес колледжінің студенттері (жетекшісі – Ырысты Құрманғалиева), музей қызметкерлері қатысып, кеш қонағына көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Кеш барасында Музей кешенінің экскурсия жетекшісі Еламан Абдулла тыңдармандармен мерекеге қатысты танымдық ойын ойнатты. Қала тұрғыны, өнертану докторы Ләйла Мәмбетова кеш туралы, өнер туралы пікірін білдірді. Кездесу соңында Музей кешенінің жетекшісі Анар Кошербаева кеш қонағына ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын сыйлады. Кеш өте әсерлі өтті.
Назгүл АЛТАЕВА,
Алматы қаласы музейлер бірлестігіне
қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің
ғылыми бөлім жетекшісі