Қамқоршылық тағайындау қызметі eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді

Енді eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған азаматтарға қамқоршылық пен қорғаншылық белгілеу қызметі қолжетімді. Жаңа қызмет өтініш беру процесін айтарлықтай жеңілдетіп, қағаз түріндегі құжат айналымын жояды және жалған мәліметтерді ұсыну қаупін азайтады. Қызмет жеке және заңды тұлғалар үшін тегін көрсетіледі.
Кәмелетке толған азаматтың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылуы сот шешімімен жүзеге асырылады. Осы шешім негізінде болашақ қорғаншы немесе қамқоршы eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы қамқоршылық белгілеу туралы өтініш бере алады.
Қызметті eGov.kz порталында пайдалану үшін:
- kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Отбасы» – «Қамқоршылық, қорғаншылық, қолдау» бөліміне өту қажет;
- «Әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған азаматтарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу керек;
- өтініш берілетін адамның ЖСН-ін енгізу қажет;
- өтініш берушінің байланыс нөмірі мен электрондық поштасын көрсетіп, «Келесі» батырмасын басу керек;
- өтініш берушімен бірге тұратын қамқорлыққа алынатын адамның мекенжайын таңдау қажет;
- көрсетілген мекенжай бойынша тіркелген немесе бірге тұратын тұлғаларды қосу керек;
- өтінішке қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою қажет;
- қызмет нәтижесі пайдаланушының Жеке кабинетінде «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.
Қызметті eGov Mobile мобильді қосымшасында пайдалану үшін:
- eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, «Қызметтер» – «Жеңілдіктер, жәрдемақы, зейнетақы» бөліміне өту қажет;
- «Әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу» қызметін таңдап, қажетті өрістерді толтыру керек;
- тұрғылықты мекенжайды енгізіп, бірге тұратын тұлғаларды көрсету қажет (міндетті емес);
- өтінішті Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.
Өтініш бергеннен кейін, пайдаланушының Жеке кабинетіне тиісті бұйрық немесе дәлелді бас тарту жөнелтіледі. Қызмет көрсету мерзімі – 19 жұмыс күні.
Сонымен қатар, өтінішті қызмет алушының тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығында қажетті құжаттарды тапсыру арқылы да беруге болады.
Жаңа қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жұмысы аясында іске асырылды.
«ҰАТ» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасы