Абай облысының оқушылары республикалық сайысты топ жарды

10-11 сынып оқушыларына арналған «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңі өтті. Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – математикаға қабілетті оқушыларды қолдау, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ педагогикалық және инженерлік-техникалық мамандықтарға ынтасын ояту.

Білім додасының республикалық кезеңіне Абай облысының аудан, қалаларынан 130-ға жуық жоғары сынып оқушысы қатысып, өз білімдерін сынға салды. Олимпиада қорытындысы бойынша 11-сыныптың 7 оқушысы І дәрежелі диплом мен жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болды.

Сондай-ақ үздік нәтиже көрсеткен Үржар ауданы Жансүгір орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әділ Темірғали Дубай қаласына жолдама жеңіп алды.

11-сыныптар бойынша ІІ дәрежелі диплом 12 оқушыға, ІІІ дәрежелі диплом 16 оқушыға табысталып, мадақтама 8 оқушыға берілді.

10-сыныптар бойынша І дәрежелі дипломмен 7 оқушы, ІІ дәрежелі дипломмен 11 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломмен 16 оқушы марапатталып, 7 оқушыға мадақтама табысталды.

Олимпиада Зерделі ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен еліміздің 20 өңірінде қатар өтті.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі