Достықтың нышаны: Алматыда Сянь Синхай мемориалы қайта жаңғырылады

Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи-мәдени байланыстардың тағы бір жарқын парағы ашылды. Алматы қаласында Қытайдың ұлы композиторы Сянь Синхайға арналған мемориал мен оған іргелес алаңды қайта жаңғырту жобасының ресми басталуы өтті. Бұл жоба тек ескерткіштің қалпына келтірілуі емес, екі халықтың рухани жақындығы мен тарихи достығын қайта жаңғыртудың маңызды белгісі болып отыр.
Сянь Синхай — тағдыр мен талант тоғысы
Сянь Синхай — ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдың ең танымал композиторларының бірі. Ол «Халық симфониясын» жазған, Гуанчжоу мен Парижде білім алған, ал 1940 жылдары оның ғұмыры Қазақстанда жалғасты. Ол ойда-жоқта Алматыда, ол қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысып, шығармашылық әрі бауырластық достық орнаған болатын.
Екі композитордың достығы соғыс пен аштық заманына қарамастан, адамзаттың шынайы жылуы мен мәдениетке деген махаббаттың күшін дәлелдеді. Сянь Синхайдың тағдырлы жылдары Қазақстанда өткен ол мұнда музыка жазып, Байқадамовтың отбасы арқылы жаңа өмірге жол тапқан.
“Екі ұлы композитордың достығының қалай басталғаны жайлы шындыққа жанаспайтын аңыздар көп. Оның өз себебі бар. Әкемнің әкесі өте білімді азамат еді. Алайда, сол кездегі саясаттың ықпалына ұшыраған соң, оның ызғары әкемнің өміріне де үлкен әсерін тигізді. Сол үшін де ол шетел азаматын үйіне алып келе алған жоқ. Содан болар, көп деректерде олардың театрда танысқандығы жайлы айтылады. Ал шындығына келсек, оқиға былай болған. Әкем №38 мектепте ұстаз болып қызмет етті. Бір күні оны апамыз үйге азық-түлік алу үшін Көк базарға жіберген екен. Әкем жұмыстан шығып, базарға беттегенде жұпыны киінген бір азаматты көреді. Басында жай ғана көз қырын тастап, аса назар аудармай, жанынан өте салады, кейін оның көзі бейтаныс азаматтың шағын шабаданы мен скрипкасына түседі. Бұл қарашаның аязды кештерінің бірі еді. Жұқа киінген азаматқа әкем қазақша және орысша тіл қатса, ол кісі түсінбеген екен. Әкем бұл азаматтың көмекке мұқтаж екенін ұғып, апамның бұйымтайын ұмытып кетіп, бейтаныс кісіні үйге алып келген екен. Ол кезде біздің шағын ғана үйімізде украиналық композитор Михаила Скорульский тұрған. Әкем барлығының жайлы орналасуын ойластырып, бейтаныс скрипкашыны бауыры Данаш апайымызды үйіне орналастырады. Осылай Қазақстан мен қытай елдерінің екі мақтан тұтар азаматтарының достығы басталған. Сянь Синхай біздің туғанымыздай болған жан. Әкем де, апайым да оны ешқашан жат адам деп қабылдаған жоқ. Бұл жай ғана достық емес, бауырластық еді”, – дейді Бақытжан Байқадамовтың қызы, мәдениеттанушы және өнертанушы Балдырған Байқадамова.
Тарихи мемориал жаңаша тыныс алуда
Қайта жаңғырту жұмыстары аясында мемориал аумағы абаттандырылып, жаңа сәулеттік шешімдер енгізіледі. Жоба тек мәдени мұраны сақтау мақсатында емес, сонымен қатар Алматы мен Гуанчжоу арасындағы бауырластық қатынастарды нығайтуды көздейді.
Алматыда өмір сүріп, қазақ музыкасының танылуына өз үлесін қосқан Сянь Синхайдың құрметіне 1999 жылы орнатылған ескерткіштің авторы, белгілі қазақстандық сәулеткер Сергей Мартемьянов былай деп еске алды:
“Алғашқы кезде тек ескерткіш тақтайша орналасу көзделгенімен ол жақта ескерткіштің болғанын қаладық. Оның үстіне ұлы композиторлардың аты екі көшеге берілген соң, ол жақта әдемі сәулеттің бой көтергені дұрыс болар деген шешім қабылданды. Мен автор ретінде ол ескерткіштің ерекше көзге түскенін мақсат етіп, көз іздендім. Қытай халқының мәдениетінде лотос гүлінің орны бөлек екенін ескеріп, ескерткіштің негізін гүл іспетті жасадым, ал ноталарды толқындар секілді бейнеленгенді жөн көрдім. Бүгінгі іс-шара аясында айтылған дүниелерді естіп, бір жағынан қуанып, бір жағынан толқып отырмын. Абаттандыру жұмысына қатысуға дайынмын”
Қайта жаңғырту Сянь Синхайдың туғанына 120 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл символикалық уақыт — жобаның тарихи маңызын арттыра түсуде.
Дипломатиялық қолдау және болашаққа бағдар
Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым шара барысында Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланыстарының жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті:
«Сянь Синхай мемориалы – бұл біздің ортақ тарихи естелігіміздің бір бөлігі. Осы жобаның қайта жаңғыруы Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен мәдени байланыстарды тереңдете түседі. Бұл екі ел арасындағы рухани көпір іспетті. Бүгін біз тек бір ұлы композитордың естелігін емес, екі халықтың жүректерін біріктіретін достық рухын қайта тірілтіп отырмыз. Біз бұл жерді жас ұрпақтың мәдени тәрбие алатын орнына айналдыруды көздейміз»
Ол сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолындағы осындай жобалардың маңызы артып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл тек тарихи естелік емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы гуманитарлық байланыстың нышаны. Сондай-ақ, бұл игі шараның биыл Қазақстандағы Қытай жылы аясында өтіп жатқаны қуантады.
Гуанчжоудан келген құрметті қонақтар
Гуанчжоу қаласынан арнайы келген делегацияның құрамында партия комитетінің мүшесі Ду Синьшань мырза да болды. Ол өзінің сөзінде мәдени ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір білдірді:
«Мәдени жобалар елдер арасындағы сенім мен достықтың символына айналады. Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың достығы – осы байланыстардың жарқын үлгісі. Біз олардың тарихын ұмытпауға тиіспіз. Бұл мемориал — тек ескерткіш емес, жас ұрпаққа бағытталған мәдени білім орталығы болуы керек. Алматы мен Гуанчжоу арасындағы бауырластық байланысты нығайту арқылы біз болашақ үшін мәдени көпір салып жатырмыз»
Еске салсақ, 2021 жылы Гуанчжоу қаласында екі композитордың құрметіне үлкен ескерткіш орнатылып, қала көшелерінің біріне Бақытжан Байқадамов есімі берілді. Биыл Сянь Синхайдың туғанына 120 жыл толуына орай Гуанчжоу қаласында үлкен мәдени іс-шаралар жоспарланған. Қытай елінен келген делегация мүшелері Балдырған Байқадамованы алда болатын шаралардың құрметті қонағы болуға шақырды. Өз сөзінде асылдың тұяғы жиналған қауыммен өз отбасының тарихи оқиғаларын бөлісіп, отбасы құндылығына айналған дүниелерді сыйға тартатының тілге тиек етті:
“1938 жылы әкем ұстаздарға арналған байқауында жүлделі орын алып, марапат ретінде әдемі рояльды алды. Ал Евгений Брусиловский болса, әкеме ыңғайлы пианисттерге арналған орындықты сыйға тартты. Сол орындықты біз отбасымыздың шешімімен Гуанчжоуға алып баратын болдық. Себебі, ол орындықта отырып, рояльда ойнаған тек әкем ғана емес, Сянь Синхай ағамыздың болғаны хақ. Ол кісі скрипкада ғана емес, рояльда да керемет ойнаған өнердің саңлағы екенін көпке мәлім. Өкінішке орай, көп жәдігерлер сақталмады, алайда қолда барған дүниелердің көзіміздің қарашығындай сақтап, оларды әрі қарап табыстағымыз келеді. Үлкен мерейтойға Байқадамовтар әулетінінің тартуы болсын деген ниетіміз бар”
🗣️ Air Astana Алматыдан Гуанчжоуға алғашқы рейсін орындады
Қоғамдық қолдау: бейбітшілік пен естелік
Жобаға Қазақстан қоғамының да қолдауы жоғары. «Қазақстан Республикасының бейбітшілік қоры» төрағасы Қазыбек Шайх мырза өз пікірін білдіріп, бұл мемориалдың тек ескерткіш қана емес, бейбітшілікті насихаттаушы нышан екенін айтты:
«Бұл мемориал тек естелік қана емес, бейбітшілікке, достыққа, өзара түсіністікке шақыратын символ. Біз осыны келер ұрпаққа жеткізуіміз керек. Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың достығы — ұлттан да, шекарадан да биік. Әсем қаламыздың екі композитордың құрметіне берілген көшенің қатар болуы да бекерден бекер емес. Ол Қазақстан мен Қытай елінің бір бағытта келе жатқанын бейнелеп тұрғандай, екі көше екі елдің достығы мен бауырластығының айқын көрінісі»
Болашаққа жол ашқан бастама
Мемориалдың қайта жаңғыруы — Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық көпірдің тағы бір маңызды кірпіші. Бұл жоба мәдени туризмге, ғылыми-тарихи зерттеулерге және халықтар арасындағы сенімге ықпал ететіні сөзсіз.
Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында — Гуанчжоу халық үкіметінің Ақпарат кеңсесі, Қытайдың халықаралық кітап саудасы орталығы, Гуанчжоудағы «Синьхуа» баспа тобы, қаладағы партиялық және әкімшілік органдар, Қытайдың Орталық және Шығыс Еуропа, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен ақпарат алмасу орталығы («Жэньминь Хуабао» журналы), сондай-ақ Азия елдерінің сауда және мәдени ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу жөніндегі Қазақстан қауымдастығы бар.
Өз кезегінде «Синьхуа» баспа тобы Қазақстанның Ұлттық кітапханасына Гуанчжоу қаласы туралы кітаптар топтамасын тарту етті.
Алматы мен Гуанчжоу арасында орнаған бауырластық байланыс енді тек қағаз жүзінде емес, тасқа қашалған естелік пен жас ұрпақтың санасында өмір сүреді. Ал екі ел арасындағы мәдени достық одан әрі нығая түседі.
Ғазиза Ұзақ
ҚР Журналисттер одағының мүшесі
Telegram-канал: Достықтың нышаны: Алматыда Сянь Синхай мемориалы қайта жаңғырылады
Telegram-канал: Сянь Синхай мемориалын жаңарту бойынша ресми шара (видео)