Жетісу – табиғат пен туризмнің тоғысқан өлкесі

default
Жетісу өңірі – табиғаттың бірегей сыйы, әр алуан ландшафттарымен, тылсым табиғатымен ерекшеленетін аймақ. Биік, қарлы шыңдардан бастап шөлейтті далаларға дейін, арасындағы айдынды көлдер мен көз тартар аңғарлар – мұның бәрі экотуризмді дамытуға таптырмас мүмкіндік беретін Жетісудың табиғи байлығы. Бұл өлке – өзге аймақтарда сирек кездесетін табиғи контрасттар мен экологиялық тепе-теңдік орнаған мекен.
БҰҰ Даму бағдарламасы деректеріне сүйенсек, экологиялық туризм әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан туристік бағыттардың бірі саналады. Бүгінде оның үлесіне жаһандық туризмнің 25%-ы тиесілі болса, Дүниежүзілік туристік ұйым мәліметі жыл сайын экотуристер саны 20%-ға өсіп келе жатқанын айғақтайды. Бұл көрсеткіштер экотуризмнің тек сәнді тренд емес, экономиканың маңызды драйверіне айналғанын көрсетеді.
Қазақстанның өзі ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен (ЕҚТА) кеңінен қамтылған мемлекеттердің қатарында. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, ЕҚТА жалпы ауданы – 26 млн гектар. Бұл көрсеткіш экотуризм дамыған елдерден кем емес, алайда әлеуетті толық пайдалану жолында әлі де жұмыстар жүргізілуде.
Жетісу облысында экологиялық туризм бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Ең алдымен, бұл бағытта «Алтын Емел» және «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің, сондай-ақ «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығының маңызы айрықша.
Ұлттық парк тек табиғи әсемдігімен ғана емес, ғылыми, туристік және тәрбиелік мәні зор жобаларымен де танымал. Соның бірегейі – жыл сайын қазан айында өтетін «Алтын Емел – құландар мекені» фестивалі. Бұл – еліміздегі алғашқы сафари форматындағы фестиваль. Мақсаты – парктегі 5000-нан астам қарақұйрық пен 3700 құлан популяциясын тамашалау, халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру.
2023 жылы «Алтын Емел» ЮНЕСКО-ның «Тұранның суық қысқы шөлдері» нысаны ретінде Дүниежүзілік мұра тізіміне енді. Сонымен қатар, Travel+Leisure халықаралық туристік басылымы паркке «әлемдегі ең ғажап 10 ұлттық парктің» қатарына қосты. Жыл сайын келушілер саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы 12 мыңнан астам адам болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 23 мың туристқа жеткен.
Бұл – ұлттық парктің әлеуетінің жоғары екенін және халықаралық деңгейде мойындала бастағанын көрсетеді.
Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Жетісу брендінің бірі саналатын Сиверс алмасымен әйгілі. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Сиверс алмағашының гүлденуі» фестивалі алманың отанына қызығушылықты арттырып, оны сақтау мен зерттеуге халықты тартуға ықпал етуде. Жыл сайын саябақта 65-70 мың түп Сиверс алмасының көшеті отырғызылады. Бұл – өңір экологиясын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
2025 жылдың сәуірінде парктің 15 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сиверс алмасы: қазіргі жағдайы, мәселелері мен зерттеулердің маңыздылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарлануда.
Соңғы үш жылда паркке 1,5 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылып, 6 ірі жоба жүзеге асты.
Алакөл қорығының шекарасында жақын арада «Кіші Аралтөбе» атты туристік-экскурсиялық бағыт іске қосылмақ. Сонымен қатар, Алакөл қанаттылары атты фестиваль тұрақты түрде өткізіліп, реликті шағаланың ұялау процесін тамашалау арқылы қоғам назарын экожүйенің нәзік тепе-теңдігіне аударады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 14 наурызында өткен Ұлттық құрылтайда: «Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау – айрықша маңызды міндет» – деп атап өтті.
Жетісу облысында бұл бағытта нақты істер қолға алынуда. Облыс аумағында «Таза Қазақстан», «TazaLike», ақпараттық турлар, ағаш отырғызу акциялары, браконьерлікке қарсы күрестер, жоғары оқу орындарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен «Жетісу» туристік ақпараттық орталығы бірлесіп, дуалды білім беру арқылы туризм мен экология салалары бойынша мамандар даярлауда. Мектеп қабырғасынан бастап өлкетану үйірмелері мен жасөспірімдер туризмін дамыту – басты міндеттердің бірі. Өйткені экологиялық мәдениет – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тәрбие.
Экология – тек табиғатты қорғау емес, ол – сана, жауапкершілік, ұлт болашағына деген қамқорлық. Демалушылар саны артқан сайын, экологиялық жүктеме де арта түседі. Сондықтан, тек тазалық науқандарымен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – басты міндет.
«Қоқыстар қайта-қайта тазаланатын жерде тазалық болмайды, қоқыс тастамайтын жер – таза» деген нақыл сөз бар. Турист болсын, тұрғын болсын – табиғатқа деген қарым-қатынасты өзгерту арқылы ғана біз табиғатты сақтап қала аламыз. Бұл – біздің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы аманатымыз.
Telegram-канал: Жетісу – табиғат пен туризмнің тоғысқан өлкесі