MNU-да профессор Дождевтің «Римдік жеке құқық» кітабы қазақ тіліне аударылды

Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Қазақстанның заң ғылымы үшін ерекше маңызды оқиға өтті – профессор Дмитрий Дождевтің атақты «Римдік жеке құқық» кітабының қазақ тіліндегі аудармасы таныстырылды. Бұл кітап – тек елімізде ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігінде азаматтық құқық мамандары басшылыққа алатын іргелі еңбек және оның қазақ тіліне аударылуы университет үшін де, мемлекеттік тілдегі құқықтық ғылымның дамуы үшін де тарихи қадам болды.

Римдік жеке құқық, құқық тарихы және салыстырмалы жеке құқық салаларында танымал ресейлік ғалым-заңгер, профессор Дмитрий Дождевтің бұл кітабы – жай ғана академиялық еңбек емес, рим құқығының мәні мен рөліне тұжырымдамалық қайта мән беру. Бұл еңбектің мемлекеттік тілде жарық көруі қазақ тілін меңгерген жас зерттеушілер, студенттер мен практиктерге әлемдік құқықтық дәстүрге жол ашып отыр.

Оқулықты MNU Құқық жоғары мектебінің Associate Professor-ы, PhD доктор Нұржан Ешниязов аударды. Оның еңбегі отандық құқықтық ғылымға қосқан сүбелі үлесі ретінде танылды. Іс-шара аясында студенттер, оқытушылар мен қонақтар кітаптың авторы мен аудармашысының қолтаңбасы қойылған ерекше данасын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Оқулық авторы, профессор Дмитрий Дождев өз сөзінде бұл еңбектің күрделілігі мен маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Мұндай күрделі әдебиетті, заң терминдері мен тілдік конструкцияларға бай мәтінді аудару – кез келген тіл үшін үлкен сынақ. Тек аудару жеткіліксіз, оны түсінікті, әрі тәжірибеде қолдануға жарамды ету керек. Осы тұрғыда Нұржан Серғалиұлы азаматтық құқықтың қазақ тілін қалыптастырды деуге болады. Бұл – Қазақстандағы заң ғылымының дамуына қосылған зор еңбек».

Ал аудармашы Нұржан Ешниязов бұл еңбекті аударуға не түрткі болғанын былай түсіндірді:

«КСРО кезінде қазақ тілінде заңгерлік білім мүлде болған жоқ. Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде белгілі бір құқықтық әдебиет қалыптасты, бірақ біздің құқық жүйеміздің негізі – римдік жеке құқық. Оны терең меңгермей, заманауи құқық жүйесінің логикасы мен құрылымын толық түсіну мүмкін емес. Мен бұл еңбекті аудару арқылы толыққанды қазақ заң тілінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқым келді. Орыс немесе шет тілдерін жетік білмейтін, бірақ ана тілі – қазақ тілінде сөйлейтін жас зерттеушілер римдік жеке құқықты меңгеруге мүмкіндік алсын дедім».

Кітаптың тұсаукесері академиялық қауым тарапынан үлкен қызығушылық пен оң пікір тудырды. Бұл аударма тек білім беру жобасы ғана емес, сонымен қатар қазақ тілін академиялық деңгейде нығайтатын, әлемдік заңгерлік ой мен қазақстандық қоғам арасындағы мәдени көпірге айналды. Айта кетейік, бұған дейін MNU-да «Қазақ-орыс заң сөздігі: заңнамадағы қателер және түсіндірмелер» атты кітап жарық көрген болатын.

Telegram-канал: MNU-да профессор Дождевтің «Римдік жеке құқық» кітабы қазақ тіліне аударылды