Пилоттық жоба: 12 мыңнан астам жүргізуші арнайы салық режиміне өтті

Талдықорған қаласында онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілерінің заңдастырылуын көздейтін жобаға шамамен 700 адам қатысты. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қалада такси қызметін көрсететін 685 жеке кәсіпкер тіркелген.
Айта кетейік, платформалық жұмыспен қамту жөніндегі пилоттық жоба 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен іске қосылды. Жобаның мақсаты – азаматтардың цифрлық платформалар арқылы жұмысын заңдастыру және оларды әлеуметтік қорғау жүйесіне тарту.
Жобаның алғашқы кезеңі «Яндекс Такси Корп.» ЖШС-мен әріптестікте іске асырылды. Бұл кезеңге 12,2 мыңнан астам жүргізуші қатысты. Жүргізушілер мобильді қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жеңілдетілген арнайы салық режимімен жұмыс істейді.
2024 жылғы 1 шілдеден бастап интернет-платформалар операторлары ресми түрде салық агенттері болып танылды. Енді олар жүргізушілер үшін жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалып, мемлекеттік бюджетке аударуға міндетті.
Осы процесті жеңілдету мақсатында «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, фискалдық чек алуға, салық төлеуге және кірісті онлайн есепке алуға болады.
Аталған жоба салық жүйесінің цифрлануына, табыстардың ашықтығын арттыруға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамту аясын кеңейтуге ықпал етеді.