Абай облысында биыл 834 шақырым жолға асфальт төселеді

Бүгін Абай облысында жол құрылысы маусымы ресми түрде ашылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өңірде 834 шақырым жолға асфальт төсемек. Ол үшін бюджеттен 107 миллиард теңге бөлінген. Солардың арасында халықаралық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының құрылысына да басымдық берілмек. Мамандар жыл соңына дейін бұл бағыттағы трассаны толық ашуды жоспарлап отыр.

«Қалбатау-Майқапшағай» халықаралық тас жолын жаңғырту 2019 жылы басталған. Әрісі Қытаймен байланыстыратын, оған қоса өңірдегі бірнеше аудан халқы қатынайтын күр жол. Тозығы жеткен трассаның қолданысқа берілуін тұрғындар талай жылдан бері тосып жүр. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» жыл соңына дейін халықарлық дәлізді толық ашамыз дейді.

«Құбыр жұмыстар, көпір жұмыстары аяқталды. Жоғарғы төсем 179 шақырым қалды. Биылғы жоспарымыз бойынша қозғалысты толық ашамыз. Барлық сұрақтар шешілді. Арнайы материалдар, арнайы техника. Қызметкерлер толық дайын. Қаражат мәселесі де толық шешілді», – деді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Облыс әкімі мамандармен бірге реконструкция басталған аумақты аралады. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өндірістік базасында болып, жұмысшылармен кездесті. «Қалбатау-Майқапшағай» бағытында жол жабынын жаңартудан бөлек, 16 көпір құрылып 100-ден астам су өткізу құрылғылары салынады. Жұмыс сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары үнемі қадағалауда.

«Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын жолдың, 184 шақырымы осы біздің Абай облысына тиесілі. Мемлекет басшысы, «Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық әлеуетін арттырады.»-деп атап өткен болатын. Бұл күре жол өңір тұрғындары үшін аса маңызды. Халық бұл жолды көп жылдардан бері күтіп жүр»,- деді облыс әкімі Берік Уәли.

Абай облысында республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2176 шақырым. Олардың сапасы еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіште. Мамандар алдағы екі жылда бұл олқылықтың орнын толтырамыз, деп уәде етіп отыр.