Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің І тоқсанындағы жұмысы қорытындыланды

Департамент басшысы Саян Ахметжанов өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі басымдығы – алдын алу шараларын күшейту екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір бойынша халықтың мүддесі үшін маңызды салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған.
Жұмыс сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы негізінде жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жүргізілуде. Атап айтқанда, бірінші тоқсанда тәуекелдер картасындағы 9 саланың 6-ы қамтылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Экология бағытында кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге қарсы бірлескен бұйрық шеңберінде бірқатар шаралар қабылданды. Ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысы бойынша 4 млн теңгеге 19 әкімшілік айыппұл салынса, Ақсу ауданында 50 тонна сары топырақты заңсыз өндіру фактісі бойынша заңды тұлғаға хаттама толтырылды.
Білім беру жүйесінде «өлі жандар» мен артық төлемдер тәуекелдерін болдырмау мақсатында жаңа технологиялар енгізілуде. Мектеп мұғалімдерінің қатысуын тіркейтін QR-код жүйесі сынақ ретінде Талдықорған қаласының №18 мектебінде іске қосылды.
Әлеуметтік қамсыздандыру бағытында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту квоталарына талдау жүргізіліп, нәтижесінде 2025 жылға 230 кәсіпорында 633 жұмыс орнына квота ұлғайтылды. Бұл шара қоғамның әлеуметтік осал тобының мүддесін қорғауға бағытталған.
«Жетісу Водоканал» КМК қызметіне сыртқы талдау жүргізіліп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсарды. Талдықорған қаласы тұрғындары үшін тарифтер 43,1 млн теңгеге төмендетілді, ал техникалық шарттарды беру рәсімі жеңілдетілді.
Туризм саласында 383 млн теңгеге кешіктірілген субсидиялар толығымен төленді. Сонымен қатар, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде келісім-шарт талаптарын орындамаған компаниямен келісім бұзылып, жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Агроөнеркәсіптік кешенде пайдаланылмай жатқан 19,5 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысы барысында медицина ұйымдарындағы жүйелік бұзушылықтар анықталды. Қарыз жағдайында сыйақы төлеу, заңсыз кадрлық тағайындаулар сияқты фактілердің жолы кесіліп, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Бизнеске жол» жобасы аясында 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Талдықорғандағы 2 386 кәсіпкер үшін тариф төмендетілсе, бірқатар кәсіпкерлердің алдындағы берешектер өтелді.
Мемлекеттік сатып алулар мониторингі нәтижесінде 658 млн теңге үнемделді. Бағалар нарықтан жоғары белгіленген тауарлар бойынша сатып алулар тоқтатылды. Мысалы, Талдықорған қаласының білім бөлімі А4 грамоталарын 450 млн теңгеге алудан бас тартты.
Алдағы кезеңде бірінші тоқсанда қамтылмаған салалардағы тәуекелдерге баса назар аудару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірдегі автожол құрылысына тұрақты мониторинг пен жедел сүйемелдеу жалғасатын болады.